Семейде көптеген құрылыс нысаны талапқа сай келмейді. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылар одағының Абай облыстық филиалының ашылу салтанатына орай өткен жиында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Басқосуда өңірдің құрылыс саласындағы өзекті мәселелері талқыланды.
"Құрылысшы кадрлардың біліміне баса мән бермесек болмайды. Өңірдегі құрылысшыларды дайындайтын оқу орындарында білім сапасы төмен. Жылдан жылға құлдырап барады. Жаңадан жұмысқа тұрған жас маман түк білмейді. Сонда біз оларды не үшін оқытып жатырмыз?" - деді Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Николай Исаев.
Ол бұрынғы қала құрылысы кеңесін қайта қалпына келтіру туралы ұсыныс айтты. Ал "Семей-ОтделСтрой" ЖШС жетекшісі Нұрлан Жүнісов қаладағы құрылыстардың сапасын сынға алды.
"Семейдегі көптеген құрылыс нысаны дұрыс салынып жатқан жоқ. Талаптарға сай келмейді. Бұған "әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа табылмай тұр. Мен қаладағы колледждердің бірінде үш жыл диплом беру комиссиясы төрағасы болдым. Сол кезде көзім жетті. Студенттер өзіне керек бағаны ғана сұрайды. Білімдері өте төмен. Тіпті қарапайым кірпіштің өлшемін білмейді. Сұмдық қой бұл", - дейді ол.
Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев өңірдің құрылыс саласындағы өзекті мәселелерін облыс әкіміне жеткізгенін айтты.
"Абай облысының басшысымен жолықтым. Ол филиалды қолдайтынын айтты. Филиал жұмысы жанданса, көптеген мәселе шешімін табады деп ойлаймын", - деді ол.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!