Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (ҚазҰПУ) бірінші курс студент қыздарға қоғамда және ер адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігі түсіндірілген жиналыстан кейін, Білім және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не болды?
Мамыр айының басында әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туды. Абай атындағы ҚазҰПУ-да өткен жиында бірінші курс студент қыздарға "қыз бала қоғамда және ер адаммен қалай өзін ұстауы керек" деген тақырыпта тәрбие сағаты өткізілген.
Студенттер мәжіліс залына шақырылып, оларға бейнеролик көрсетілген. Видеода әртүрлі жастағы ер адамдар қыздардың қалай киінуі, қалай сөйлеуі және ер адамдармен кездескенде қалай амандасуы керектігін айтып береді. Мысалы, ашық киім кимеу, дауыстап сөйлемеу, ал ер адамдармен кездескенде иіліп сәлемдесу ұсынылған.
Университет әкімшілігі бұл видео студенттер арасында әртүрлі реакция тудырғанын мойындады.
"Университет әкімшілігі бұл жағдайды түсіністікпен қабылдайды және бұдан былай мұндай мазмұндағы материалдарды таңдауда аса мұқият болады", – деді ҚазҰПУ басшылығы.
Министрлік не дейді?
Үкіметтегі брифингте вице-министр Талғат Ешенқұловтан бұл жағдайдан кейін қандай шаралар қабылданғаны сұралды.
"Университеттің мәліметінше, мұндай танымдық іс-шаралар оларда жиі өткізіледі. Дәрістерге келем деушілерге есік ашық. Бұл шаралар тәрбие жұмысының аясында өткізіледі. Бізде бекітілген тәрбие жұмысының тұжырымдамасы бар. Қазір университет қорытынды жасап, түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізді. Мұндай жағдай енді қайталанбайды", – деді Ешенқұлов.
Оның айтуынша, министрлік айына екі рет әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректорлармен кездесулер өткізіп, студенттерді алаңдататын мәселелерді талқылайды.
"Бұл жағдай бойынша қорытынды жасалды. Болашақта мұндай жайттарды болдырмау үшін жұмыстар жалғасады. Барлық проректорлармен, барлық ЖОО-лармен тиісті әңгіме өтті", – деп толықтырды вице-министр.
Бұған дейін ҚазҰПУ басшылығы да университеттің – зайырлы білім беру мекемесі екенін, онда студенттердің жеке таңдауына, еркіндігі мен пікір алуандығына құрметпен қарайтынын мәлімдеген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!