- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Стоматолог тіс саулығын...
Стоматолог тіс саулығын құртатын бес әдетті атады
Тістеріңіз сау әрі әдемі болып қалуы үшін гигиена сақтау және стоматологқа қаралып тұрудан бөлек әдеттеріңізді бақылау да маңызды. Себебі олардың кейбіреулері ауыз қуысы саулығына жағымсыз әсер етуі мүмкін. Стоматолог Наталья Тюрякова "Известия"-ға тіс саулығын құртатын әдеттер жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұндай әдеттердің бірі – тамақты тек бір жақпен шайнау. Бұл кезде тістер мен жаққа түсетін жүктеме біркелкі тарамайды. Соның салдарынан жақ буындарының жұмысы бұзылады, тістем біртіндеп дұрыс болмайды және ауырсыну пайда болады.
"Бір жақпен шайнау тістер эмалінің үйкелуіне, нәтижесінде, тіс жегінің дамуына әкеледі. Сондай-ақ шайнау кезінде тістер өздігінен тазаланады, ал белсенді емес жақта орналасқан тістерде өңез бен тіс тасы көбірек түзілуі мүмкін", - дейді Наталья Тюрякова.
Оның айтуынша, тырнақты тістеу әдеті де тістер саулығына жағымсыз әсер етеді.
"Мұндай әдет психикалық бұзылыс болып саналады және ол жиі балаларда пайда болады. Сондықтан бұл әдетті ерте жастан бастап қойдыру керек. Алайда ересектер арасында да күйзелістік жағдайда тырнағын тістейтіндер бар. Біріншіден, тырнақ астында микроағзалар өте көп. Екіншіден, мұндай әдеттен алдыңғы тістер құртылып, кішкентай жарықтар пайда болады", - дейді стоматолог.
Маман арылу керек тағы бір әдетке тамақтанғаннан кейін бірден тісті тазалауды жатқызды.
"Ph деңгейі 5,5-тен төмен болса, эмальдан минералдар жуыла бастайды да, ол бос болып кетеді. Егер осы сәтте тісті щеткамен тазаласаңыз, эмальдің бетінде жарықтар мен тереңдіктер пайда болады. Сондықтан тамақтанғаннан кейін 30 минуттай күтіңіз: сілекей қышқылды бейтараптандырып, эмальді минералдармен қанықтыруы керек. Содан кейін ғана тіс тазалай берсеңіз болады", - деп кеңес берді маман.
Сондай-ақ ол тіске темекі тарту, соның ішінде вейптер зиян екенін айтты.
"Вейп құрамындағы пропиленгликоль мен глицерин ылғалды сіңіріп алады. Соның салдарынан сілекей бөліну азаяды, шырышты құрғап кетеді, тіс эмалі жұқарып, әлсіздеу бола түседі, жарықтар пайда болып, тіс жегінің даму қаупі артады", - деп түсіндірді Наталья Тюрякова.
Тағы бір тіске зиян әдет – тілге пирсинг тағу.
"Пирсинг бөлшектері жабысқақ қабыршақпен қапталады. Онда патогенді микрофлора орналасады, соның салдарынан ауыздан жағымсыз иіс шығады. Пирсингтің шырышты қабықты үнемі үйкелеуі оның тозуына, тіс етінің салбырауына және тістер тамырларының ашылуына әкеледі. Ал металл шарлар тістердің ішкі бетіне тие беретіндіктен, ол тістерде жарықтардың пайда болуына әкеледі. Сонымен қатар, егер әшекеймен алдыңғы тістерді итере берсеңіз, олар әлсіреп, тістердің аралары ашылып кетеді", - деп ескертті стоматолог.
Оқи отырыңыз: Дәрігер қақ жиналған шәйнектен неліктен су ішуге болмайтынын түсіндірді
А. Жапатова