Сән әлеміндегі трендтер жылдан жылға өзгеріп отырады. Сәнді әрі стильді көріну үшін трендке айналған кез келген киімді сатып алу міндетті емес. Қазір өз қызметін ұсынатын стилистер көбейіп келеді. Олар алдымен сіздің гардеробыңызды толықтай бір қарап шығып, ішінен сіздің дене пішініңіздің типіне сай келетін түрлерін таңдап алады және сізге қандай киім түрлері жетіспейтінін анықтайды. Содан соң сізбен бірге бутиктерге барып киім таңдауға көмектеседі. Алайда егер сізде стилист көмегіне жүгінуге мүмкіндік болмаса, өз бетіңізше гардеробыңызды реттеуге көмектесетін кеңестерді ұсынамыз.
Бір рет киетін киімдер сатып алмаңыз
Мысалы, егер құрдастарыңыз үйленетін немесе тұрмысқа шығатын жаста болса, тойға жиі баруыңыз мүмкін. Тойда ерекше көрінгіңіз келіп, күнделікті өмірде кие алмайтын көйлектер алуыңыз мүмкін. Алайда әдетте бір тойға киген көйлекті басқа тойға кигіңіз келмейді. Сол үшін гардеробыңыз тек бір рет киілген киімдермен толады.
Тойға немесе мерекелік шараларға әмбебап деталі бар киімдер алуға тырысыңыз. Мысалы, шашақтары бар немесе алынбалы-салынбалы үлкен банты бар шалбарлы костюм. Мұндай киімнің кейін шалбарын бір бөлек, костюмін бір бөлек кие аласыз. Бантымен бір рет киіп, содан соң бантын алып тастап күнделікті өмірде кие бере аласыз және сондай-ақ бантын басқа киімге тағып кие аласыз.
Сондай-ақ тойға немесе мерекелік шараларға арналған киімдерді жалға алуға болады.
Кимейтін киімдерден арылыңыз
Көп адамның үйінде жылдар бойы киілмеген киімдер сақталып тұрады. Олардың бірі сәннен шығып кеткен болуы, басқаларының өлшемі келмеуі немесе матасы тозып кеткен болуы мүмкін. Мұндай киімдерден арылған жөн. Мысалы, кигісі келетін жақындарыңызға беріңіз, ательеге апарып, киімді өзгертіп тіктіріңіз немесе мұқтаж жандарға беріңіз.
Киімді жеңілдікте тұрғандықтан ғана сатып алмаңыз
Көп адам "жеңілдік" деген белгіні көргенде өздерін ұстай алмайды. Киім бұрынғыдан арзан тұрғандықтан оны сатып алу керек сияқты көрінуі мүмкін. Мұның бәрі маркетологтардың қулығы екенін ұмытпаңыз. Стильді көрінгіңіз келсе, әр сатып алатын киіміңізді ойланып алыңыз. Ол сізге жарасымды болуы керек, сізде бар басқа киімдермен үйлесуі тиіс және сәні ескіріп кетпеген болуы керек. Сондай-ақ гардеробыңызда оған ұқсас киім жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Сонымен қатар, әрине, жеңілдікте тұрған киімнің сапасын, матасын, түсін және детальдарын мұқият тексеріңіз.
Гардеробты құрудың кең тараған әдістерін қолданып көріңіз
Гардеробыңызды басынан бастап реттегіңіз келсе, гардеробты құрудың кең тараған әдістерін байқап көріңіз. Мысалы: пирамида ережесі. Бұл әдіс бойынша киімдеріңіздің барлығын пирамида пішінінде елестетіңіз. Оның ең түбінде базалық киімдер тұруы керек: біртүсті футболкалар, классикалық джинс шалбарлары, күнделікті көйлектер мен жейделер. Олар гардеробыңызда 35%-дан кем болмауы керек. Ал гардеробтың 20%-ын жұмысқа арналған арнайы киімдер құрауы мүмкін. Тағы 20%-ын жыртық джинстер, принті бар футболкалар, спорттық киімдер секілді күнделікті киімдерге арнаңыз. Ал пирамиданың ең басындағы 10%-ды кештерге арналған көйлектер немесе жейделер құрайды.
Стилистерді немесе стильді блогерлерді бақылаңыз
Сіз күнде не кигіңіз келетінін өзіңіз шешесіз және біреудің киім үлгісін қайталауға міндетті емессіз. Алайда стильді болғыңыз келсе, стилистер мен сәнді блогерлердің киімдерді бір-бірімен қалай үйлестіретінін, трендтегі киімдерді киім үлгісіне қалай пайдаланатынын қарап жүріңіз. Оларға қарай-қарай заманауи сәннен хабарыңыз болады, өзіңізге қандай стиль ұнайтынын түсінесіз және көптеген пайдалы кеңестер аласыз.
Оқи отырыңыз: Батыл болыңыз! Әйел неден ұялмауы тиіс?