Ақшасы бар кез келген адам соңғы шыққан трендтегі киімді сатып ала алады. Сондай-ақ кез келген адам танымал брендтер жайлы оқып біле алады. Бірақ талғам мен стиль сезімін қалыптастыру бір күнде болатын нәрсе емес. Стильді адамдар киімдерді ешкім ойламағандай үйлестіреді және көпшілік кие қоймайтын киімдерді киеді. Стильді болу үшін және талғам қалыптастыру үшін не істеу керек?
Тренд артынан қумаңыз
Талғамы бар адамдар жаңа тенденциялар мен трендтерді бақылап отырады. Бірақ әр трендке айналған киімді ала берудің қажеті жоқ. Себебі тренд жылдам сәннен шығады. Өзіңізге шынымен де ұнайтын нәрсені ғана алыңыз.
Киім алатын дүкеніңізден ұялмаңыз
Қымбат бутиктен киіне алмағаныңыздан ұялудың қажеті жоқ. Әртүрлі жерлерден киім қарауға тырысыңыз, сол кезде киім үлгіңізге келетін қызықты детальдар табасыз.
Өзіңіз үшін киініңіз
Біртүрлі естілуі мүмкін, бірақ стильді адамдар түрінің қандай болып тұрғаны жайлы аса ойланбайды. Сізді "басқалар не ойлайды" деген ой мазаламауы керек. Қандай да бір киімді тренд болғаны үшін емес, сізге ұнағаны үшін киіңіз. Өзіңіз үшін киіну арқылы креатив және өзіңізге тән ерекшелік жасайсыз, ал ол - талғамның белгісі.
Киіміңізге сенімді болыңыз
Стильді адамдар әрқашан киімді дұрыс кигеніне сенімді. Мысалы, жейдеңіз белдемшеге келмей тұрса немесе киімнің артын алдына қаратып киіп алған болсаңыз, "ол солай болу керек" деген түр жасаңыз. Кейде қателіктер - жаңа трендке, ал ең қарапайым киім үлгісі аңызға айналады. Бұл жерде ең бастысы - сенімділік. Өзіңізге сенімді болу арқылы үстіңіздегі киімнің жарасымды тұруына әсер етесіз.
Шабыт алыңыз, бірақ көшірмеңіз
Сән көрсетілімдерінен, бутиктерден, дала сәнінен және басқа да жерлерден шабыт алуға болады. Сондай-ақ сәнді киім үлгілерін ұсынатын түрлі журналдар мен сайттар да бар. Бірақ көрген нәрсеңізді қайталаудың қажеті жоқ. Адамның өзіне тән ерекше стилі болуы керек. Сәнді үлгілерден шабыт алып, оны өз стиліңізге қарай бейімдеңіз.