Елордада стихиялық қоқыс үйінділерін жою жұмысы тұрақты негізде жүріп жатыр. Жыл басынан бері қаланың бес ауданында 41 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, полигондарға шығарылды, – деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың әрбір ауданында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болмас үшін күнделікті мониторинг жүргізіледі, сол сияқты жергілікті орындарда оларды жою бойынша жедел жұмыс жүргізіледі. Оған 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Жыл басынан бері қала бойынша 74 стихиялық полигон анықталды, олардың басым бөлігі жойылды.
Байқоңыр ауданында мониторинг арқылы 8 мекенжай бойынша рұқсат етілмеген 9 орын анықталды. Олардың сегізі жойылды, біреуі жою бойынша жұмыс жалғасуда. Қоқыстар «Северная Гряда» мен «Эко-Полигон» құрылыс қалдықтары полигондарына шығарылды.
Алматы ауданында 9 учаскеде анықталған 39 орынның 25-і жойылды. Аумақты бақылау үшін 4 мекенжай бойынша бейнебақылау камералары орнатылады:
1) Ж.Нәжімеденов көшесі, 39;
2) Ш.Қалдаяқов көшесі, 58;
3) Ж.Нәжімеденов көшесі, 62;
4) Ж.Нәжімеденов - А.Байтұрсынов көшелерінің арасындағы аумақ.
Есіл және Нұра аудандарында «Нұрлы жол» вокзалына қарай Ұлы Дала даңғылындағы қоқыстарды жою жұмысы жүріп жатыр. Бұл орындағы жұмыстың 80%-ға жуығы, «Жетісу» ТК ауданында – 20%-ға жуығы, «Заречный» елді мекені аумағындағы «Бақыт Премиум» ТК ауданында-100%, сол сияқты «Пригородный» елді мекенінде – 100%, Қабанбай батыр даңғылынан әуежайға қарай – 100%, «Талисман» ТК ауданында 100% орындалды.
Биыл қаланың цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасымен бірлесіп, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жиналатын орындарда тәулік бойы мониторинг жүргізу үшін жалпы бейнебақылау бейнекамераларын орнату жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Сарыарқа ауданында 16 орын бойынша 14 мың тоннадан астам қоқыс жойылды.
Күн сайын экологиялық полициямен бірлесіп мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар, бұл мәселеде тұрғындар, әлеуметтік желілердегі сұраныстар мен «Ғарыш Сапары» суреттері септігін тигізеді.
Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы ұсынған материал