Степногорскіде жылу желісінде апат болды: тұрғындар жылусыз қалды 

Степногорскіде жылу жүйесінен ірі апат болып, мыңдаған тұрғын тағы да жылусыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір қалада жылу жүйесін қалпына келтіру және жылу желілеріне су жіберу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімінің тікелей төрағалығымен қалада жылуды қалпына келтіру мақсатында жедел штаб құрылған. Облыс әкімдігі қала тұрғындарын сабырға шақырып, жақында жылу қалпына келтірілетінін мәлім етті. 
Степногор қаласындағы жылу жүйесінде болған апатқа қатысты сағат 08:10-да дәнекерлеу жұмыстары аяқталды.

"Степногор теплотранзит" мамандары қаланың тұрғын үйлерінде жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстарын өткізді. Жағдай тұрақты және жергілікті атқарушы органдардың бақылауында", - деді оқиға орнында тәулік бойы болған облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Жалпы өңірде жылу жүйелерінің 90 пайызының тозығы жеткен. Кеңес заманынан бері еш жөндеу көрмеген. Тозығы жеткен жылу трассаларын ауыстыру қажет. Оның зардабын қыс түссе пәтері жылынбайтынын тұрғындар көтеріп келеді. Бірақ еш нәтиже болмаған. 1966 жылы пайдалануға берілген ЖЭО-дағы жылу желісі Степногор қаласы мен Заводской кентін қамтамасыз ететін. Қалаға қарай созылған 21 шақырымдық жылу құбырының 80 пайызынан аса тозған.

Былтыр көктемде ЖЭС-те екі бірдей апат болып, екі жылу қазандықтары жарылған. Былтыр жазда 3 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп ЖЭО-ның үш қазандығы, су қыздыру қазандығы күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар, 2021 жылы да 2 миллиард қаржы бөлініп, жылу станциясының қосымша және негізгі жабдықтары жөнделген еді. Сонымен қатар, жылу жүйесінде биыл жазда да жергілікті әкімдіктің қолдауымен жөндеу жұмыстары өткізілген. Алайда жылу станциясында апат жиі болып тұр. 

"Жылу желісіндегі апаттан 62 тұрғын үй жылудан ажыратылған. Қазір жылу жүйесіндегі жарылған жер дәнекерленіп, ағытылған жылу жүйесіне су беріліп, жылу бері жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстың қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Қазір барлық тиісті құзырлы орган мен жергілікті әкімдік осы жұмыстардың басы-қасында жүр", - деді Степногор жылу электр станциясы кәсіпорнының қоғаммен байланыс маманы Ғалия Хозина.

Еске салайық, 7 желтоқсанда Степногорскіде жылу электр станциясында ірі апат болып, тұрғындар мүлде жылусыз қалған еді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!