Степногорда қыс басталмай жатып ЖЭС-ның бу құбыры жарылды

Степногор қаласында қыс басталмай жатып жылу электр стансасының бу құбыры жарылды. Ондаған жылдар бойы жөндеу көрмей әбден тозған нысанның жұмысы жиі бұзылады. Қыстың қытымыр аязына шыдас бере ме деп қауіптенген тұрғындар алаңдаушылық білдіріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өткен жылдың қысында-ақ апатты деп танылған Степногор ЖЭС-іне бюджет қоржынынан 3 миллиард теңге бөлініп күрделі жөндеу жүргізілген. Бірақ бұл қомақты сома әбден тозығы жеткен жылу стансасына жұқ та болмаған сияқты. Өйткені, сонау 1966 жылы Степногор қаласы мен Заводской кентін жылыту үшін пайдалануға берілген стансада сол кезден бері еш жөндеу көрмеген. Жылу электр стансасынан Степногор қаласына дейін созылған 21 шақырымдық жылу құбыры мен қала ішіндегі жүздеген шақырымдық құбырдың қазіргі уақытта 80 пайыздан астамы тозған. Жылу құбырларының тозуының салдарынан өткен жылдың көктемінде екі бірдей жылу қазандығы жарылған. Оның алдыңғы жылы ғана төрт мәрте апатты жағдай болған. Сондықтан бұл жолғы бу құбырының жарылуы тұрғындардың мазасын қашырған. 

Қала әкімдігінің парақшасына тұрғындар"Адамдар зардап шекпегеніне шүкір", "Қыс басталмай жатып тағы басталды. Өткен аптада ғана барлығы дұрыс деп еді", "Қыс бойы осылай болады, біресе анасы, біресе мынасы сынады. Ең бастысы миллиардтарды жөндеуге жұмсады. Ал іс жүзінде бәрі кері кеткен" деп жазды. 
Қала тұрғындарының кейбірі үйлерінің салқындап кеткенін жазып жатыр. Дегенмен қала әкімдігі мен жылу электр стансасы басшылығы жағдайдың үш-төрт күнде қалпына келетінін айтып ақталды. 

"Бүгін 20 қарашада Степногор жылу электр стансасының бу құбыры зақымдалды. Дегенмен бұл қаланың жылумен қамтылуы мен температуралық режимге ықпал етпейді. Жөндеу жұмыстары 3-4 күн ішінде жүргізіледі. Қазір Степногор қаласы мен Заводской кентінде температуралық режим температуралық кестеге сай беріліп жатыр. Жағдай жергілікті атқарушы органның бақылауына алынған", - деді Степногор қаласы әкімдігінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!