Степногор ауруханасында науқастарға құрттаған тамақ берген

Степногор ауруханасында науқастарға құрттаған тамақ берген
Фото: видеодан алынған кадр

Степногордағы ауруханада науқастарға құрттаған ас-ауқат берілген. Тамақтың ішінде жәндік қалқып жүргенін емделушілер ұялы телефонға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеген. Медицина мекемесін енді санитарлар тексергелі жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Балаларымен ем-дом алуға келген аналар түстік сусынды құрт-жәндікпен бірге қайнатқанын көріп шошыған. Олар тек құрты бар сусынға емес, жалпы ауруханадағы тағамға көңілі толмайтынын айтқан. Тамағы дәмсіз болғандықтан, пациенттер ас ішуден бас тартқан. 

Медицина мекемесіндегі тазалық та сын көтермейтін сияқты. Науқастар аурухананы тексеру керек деп жатыр. Мұны көрген санитар дәрігерлер "кешіктірмей, тексеріс бастаймыз" деп отыр.

"Аумақ басқармасымен жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Ол тексеріс прокуратура органдарына тіркеліп жүргізіледі. Бұған дейін ол тексерілген, жоспарлы түрде, биыл ақпан айында. Аталған факті бойынша ондай бұзушылықтар болған емес", - деді Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов.
 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан