- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Стадионда матч кезінде...
Стадионда матч кезінде трубада ойнаған жанкүйер жұртты тәнті етті
Желіде матч кезінде трубада ойнап, футболшыларға қолдау көрсеткен жанкүйердің видеосы тарады. Massaget.kz тілшісі кернейшімен байланысқа шығып, ол жайлы бірнеше факт білді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеше Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда "Ақтөбе" мен семейлік "Елімай" ойнады. Бұл ақтөбелік жанкүйерлер үшін қуанышты күн болды, "Ақтөбе" футбол клубы ойынды 2:0 есебімен ұтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұл ойын тағы бір ерекше көрініспен есте қалды. Желіде футболшыларға трубада ойнап, қолдау көрсеткен жанкүйердің видеосы тарады.
Видеодағы жігіт - "Ақтөбе" футбол клубының жанкүйері және кернейші - Абашов Арман Айтбекұлы. Ол А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжде "Труба" мамандығын бітірген.
Арман "Ақтөбе" футбол клубының жанкүйері екенін айтты.
"Ақтөбе" футбол клубының жанкүйерімін. Бұрын мектеп кезінде футболға да қатыстым. Екі жыл қатысып, шағын футбол залында "Заря" командасында ойнадым", - деді Арман.
Жігіт матчте трубамен ойнаған кезіндегі сезімімен бөлісті.
"Маусым басталғалы Ақтөбенің соңғы 3 матчінде ойнадым. Бірінші рет ойнаған кезде "неге осы аспаппен ойнап, қолдау бермеске" деген идея келді. Өтірік емес, басында қорқыныш болды. Көпшілік "ол не істеп жатыр" деп түсінбей қалмай ма екен деп те ойладым. Бірақ халық өте жақсы қабылдады. Солайша, екінші матчте де ойнадым.
Ал үшінші рет, кеше болған "Ақтөбе" - "Елімай" матчінде 13 секторда ойнадым. Қазақстан футболында №1 жанкүйерлер - Ақтөбенің жанкүйерлері. Олар 13 секторда отырады. Кешегі матчте сол жаққа барып ойнадым. Сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Аспаппен ойнап жатқанда 13 секторда отырған барлық адам қосылып, ән айтқанда бөлек сезімде болады екенсің. Өзімді бақытты сезіндім. Маған жан-жақтан түсірілген видеолар келіп жатыр, қуаныштымын", - деді Арман Massaget.kz тілшісіне берген сұқбатында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова