- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Істі министр бақылауға...
“Істі министр бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе?“ Депутат 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты
Нартай Аралбаев бас прокурор Берік Асылов пен Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа Талғардағы жағдай туралы сауал жолдады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгінгі депутаттық сауалым – аты адам болғанмен, әрекеті адамдықтан ада қылмыскерлер хақында. Алыстан орағытпай, тура тартсам, жұрттың жағасын ұстатқан жағдай Алматы облысы Талғар ауданында болды. Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы – арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда, азаматтар бір-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. "Біздің қоғам қайда бара жатыр?" деген сұрақ көпшіліктің көкейінде көлкіп тұруы заңдылық осындайда", – деді ол.
Ол Талғардағы дүкенде болған жағдайдың жаға ұстатқанын айтты.
"Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жастағы бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы – бір бөтелке алкоголь. Қазақ: "Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де" дейді. Ішкіштің өзі адамгершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады. Осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында деген сұрақ туады. Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орган өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып, баласынан айырылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып, өктем сөйлегенін айтып, бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша "істі ІІМ-і өз бақылауына алды" деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап, әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап, әділ тергеу өткізбейді? Мұндай жағдайда біз тек қана заң үстемдігіне иек артуымыз тиіс. Президенттің: "Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет" дегенін де ескертейін", – деді ол.
Сондықтан қылмыс болғанда құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін.
"Сондықтан оған қоса мемлекеттік деңгейде полиция мен құқық қорғау органдарына деген сенімділікті арттыратын жұмыстарды іске асыру маңызды деп білемін. Қаперлеріңізге тағы бір жайтты салайын, осы жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысында 14 жастағы Сыдық Нұржанды жоғарғы сыныпта оқитын он шақты оқушы жабылып сабаған, салдарынан бала көз жұмды. Ол кезде де марқұмның әпкесі әлеуметтік желіге шығып, әділдік іздеп, құзырлы органдарға жүгінді. Қылмыскерлер жазасыз қалмайтынына сенсе, жұрт бұлай шарқ ұрмас еді. Сол Алматы облысының Талғар ауданында қыркүйек айының соңында бір тәрбиесіз бұзақының кішкентай баланы аяусыз сабағаны түсірілген бейнежазба тараған еді. Ол кезде Алматы облысының полицейлері істі бақылауға алдық деді. Алайда арада апта өткенде сол Талғарда 16 жастағы ұлды бір топ қылмыскер өлтіріп кеткенін естіп-біліп отырмыз. Жасөспірімдер жапа шеккен жағдайларды тізсем, таңды таңға ұруға тура келеді: қыркүйекте Павлодар облысының Кенжекөл ауылында бір топ бұзақы бір жасөспірімді аяусыз сабап тастады. Ақтауда жасөспірімдердің жаппай төбелесі түсірілген видео тарады осы аптада, ол жерде топ-топқа бөлінген балалар бір-бірін аяусыз сабап жатыр. Артынша сол Ақтауда бірнеше қыздың бір қызды ұрып, қорлап жатқаны түсірілген бейнежазба желіні кезіп кетті. Бұл тек соңғы айдағы жайттар", – деді ол.
Қорытындылай келе, ол ұсыныстарын айтты:
1. Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс.
2. Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет.
3. Білім беру ұйымдарында "Құқық негіздері" атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек.
4. Мемлекет Басшысы ұсынған Заң мен Тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полицияға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпымемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет. Ол үшін халыққа адал қызмет ету керек, адал қызмет болмаса, сенім болмайды, ал сенімсіз атқарылған істің бәрі еш кететіні әмбеге аян. Осыны ұмытпайық!
Еске салайық, Алматы облысындағы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні 16 жастағы оқушыны бір топ жігіт өлтіріп кеткен болатын.
Желідегі жазбаларға қарағанда, пышақ пен тапаншамен қаруланған бір топ жас 16 жастағы жасөспірім Шерзатқа, оның әкесі мен ағасына шабуыл жасаған.
Марқұм Шерзаттың отбасы кісі өлтіруге қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етіп отыр. Оның әкесі бүгін мәлімдеме жасады.
"Қаза тапқан, марқұм болған Шерзат Болаттың әкесі боламын. Бас прокурор Берік Ноғайұлына тікелей үндеу жасағым келеді. 3-і күні түні ит өліммен қайтыс болды. Сол кезден Талғар әкімі, прокуроры, ішкі істер бөлімінің бастығы ешқандай іс-әрекет жасамай отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Тіпті марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Хал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей отыр. Түннің жарымында тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, өзімізге арыз жаздырып отыр", – деді марқұмның әкесі.
Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
"Оқиғаға қатысушылардың бәрі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жағдайды толыққанды, жан-жақты, объективті зерттеу үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында", – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек