Кейде ораза кезінде ауыздан жағымсыз иіс шығып тұрады. Одан қалай арылуға болады? Журналист Марфуға Шапиян өзінің Youtube-каналында 6 лайфхакпен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адам күні бойы аш жүргеннен кейін ауыз қуысында сілекей бөлінбейді. Сондықтан ауыз құрғап, жағымсыз иіс шыға бастайды.
1. Тісті күніне 2 рет жуу
Сәресі ішіп алғаннан кейін және кешке ауыз ашқаннан кейін ұйықтар алдында бір тазалап алған дұрыс. Бұл аузыңыздағы жағымсыз иістен мүлдем арылтпайды, бірақ белгілі бір деңгейде азайтады.
2. Мисуак қолдану
Пайғамбарымыз мисуакты үнемі қолданып жүрген және оның тістері сау болған. Бұл ауыздағы жағымсыз иістен арылтып қана қоймай, тістердің сау болуына көмектеседі. Пайғамбардың аузы берік кезде де мисуак қолданғаны жайлы айтылады. Сондықтан аузыңыз берік кезде мисуак қолдана аласыз.
3. Суды көбірек ішу
Әсіресе, сәресіде тұрған кезде судың мөлшерін көбейтсеңіздер, аузыңыздың құрғамауына бұл да белгілі бір дәрежеде көмектеседі.
4. Жеміс-жидектерді көбірек жеу
Ауыз ашқанда да, сәресіде де жеміс-жидекті мейлінше көп жеңіз. Мысалы, алма, алмұрт секілді жемістер сілекейдің көп бөлінуіне ықпал етеді.
5. Жағымсыз иіс шығаратын тағамдардан аулақ болу
Мысалы, пияз, сарымсақ секілді тамақ жесеңіз ораза ұстамаған кезде де жағымсыз иіс шығатыны белгілі. Ал ораза кезінде мүмкіндігінше ондай тамақтардан аулақ болған жөн.
6. Темекіден бас тарту
Бұл жағымсыз иістен арылу үшін ғана емес, денсаулық үшін де қажет. Ауыздан шығатын иіске негізгі себепкер - темекі болуы да мүмкін.
Ал ораза кезінде ауызға жағымсыз иістен арылуға көмектесетін арнайы спрейлер шашуға бола ма?
"Оразада аузы берік кезде ауыз қуысындағы жағымсыз иісті кетіретін спрей қолдану мәкруһ болады. Бұл дегеніміз, аса қажетті кездерде болмаса, оразада қолданбаған абзал дегенді білдірмек. Өйткені, ауызға шашылған заттың жұтылып кету қаупі басым, шашылған зат жұтылса оразаны бұзады, бір күн қазасын өтеу керек болады. Сондықтан да, маңызды кездесулерге барғанда немесе маңызды келіссөздерге барғанда аузындағы жағымсыз иістен ыңғайсызданған мұсылман аз мөлшерде ғана сеуіп, бірақ жұтпай түкіріп тастаса, оразасы бұзылмайды дейтін дін мамандары бар. Дегенмен, себілген заттың жұтылып кету қауіпі басым болғандықтан мүмкіндігінше қолданбағаны абзалырақ", - деді Islam.kz сарапшылары.