- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Спортзал да, асхана...
"Спортзал да, асхана да жоқ". Алматы облысында 150-ге жуық бала 4 бөлмелі мектепте оқуға мәжбүр
Алматы облысында 37 балаға арналған бастауыш мектепте 137 бала оқып жатыр. Бала санының көптігінен мұғалімдер бөлмесі де сыныпқа айналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Сыз тартқан ғимараттан балалар да жиі тұмауратып қалады. Оқушылар жиналатын алаңға бүгін ата-аналар келді. Талай әкімге айтылған әңгіме үнемі аяқсыз қалады. Бүгін ауыл жұрты жаңа басшыға наразылығын айтты. Ата-аналардың айтуынша, ең қиыны "бөлменің жетіспеушілігінен қыз бен ұл бір жерде шешініп, киінуге мәжбүр".
"Қыздарымыз ұялады. Кішкентай болса да, олар ұялшақ. Қыз бала ұлдардың алдында шешініп, киіну деген сұмдық", - деді Еңбек ауылының тұрғыны Шырынгүл Тоқтақынова.
Еңбек ауылының тұрғыны Гүлдана Қуатбекованың айтуынша, мектепте дене шынықтыру сабағы жоқ, себебі оған арнайы спортзал жоқ. Оған қоса, асхана жайлы мүлде айтудың қажеті жоқ.
Бұл - ауылдағы 37 балаға арналған аядай мектеп. Бүгінде бала саны көп болғасын мұғалімдер бөлмесін де балаларға бөліп беріп, сабақ оқиды. Сондықтан қоңырау уақытында ұстаздар далада жиналыс өткізуге мәжбүр.
"Төрт бала оқытып отырмын. Біреуін Дендрариге балабақшаға жіберемін. Кішісі осында оқиды. Бұл мектепте ешқандай жағдай қарастырылмаған", - деді Өрнек ауылының тұрғыны Камила Мятбек.
Балтабай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Cәуле Әліпованың айтуынша, бұл жер Өрнек ауылына белгіленген, құжаттары дайын. Әкімдік өз тарапынан іс-шараны атқарып, мемлекеттік акт жасаған.
Мектеп жабдықтары ескі, өрт сөндіру құралдарының мерзімі өткен.
"Бұл мәселені баяғыдан қозғап келеміз. Бала саны көп. Ең соңғы сабақ сағат 19:10-да аяқталады. Сол кезде балалардың үйіне қатынауы өте қиын. Мұғалімдер тарапынан екіге бөлінетін сабақтарға еңбек, орыс тіліне кабинет жетіспейді", - деді "Еңбек орта мектебі" КММ директорының орынбасары Бану Жанаева.
Тар мектепке талап айта келген тұрғындардың айтуынша, білім ордасының басшысы біршама үйірмені де жауап тастаған.
"Өрнек ауылына мектеп салу үшін 180 орындық жер телімін сұраған болатынбыз. Жер телімі дайын болған соң, облыстық білім басқармасына мектеп салуға сұраныс берілді. Ал Еңбек ауылына қатысты айтатын болсақ, Ақтоғандағы бейімделген мектеп қой. Ол ауылға тағы да 320 орынға жапсаржай құрылысын салуға тапсырыс берілді", - деді Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрқалымов.
Еңбекшіқазақ ауданының білім бөлімі берген мәліметіне сәйкес, жалпы ауданда 16 мектеп салу жоспарда бар. Әзірге бесеуінің құжаты аяқталып, құрылысы басталмақ. Алайда бұл тізімге Өрнек пен Еңбек ауылындағы мектеп енбеген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек