Академик, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев "Ой-лайық" подкасында спортшыларға жасалатын жағдай білімді балаларға жасалмайтынына қынжылатынын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғалым бұрынғы Олимпиадалардан мысал келтірді. Оның сөзінше, спортшылар арасында чемпион шықса, бәрі үйіп-төгіп сыйлық беруге құмар.
"Кеше де чемпион шықты. Біреудің мұрнын бұзып еді, оған машина да берді, жүз жылқыны да берді, түйені де берді - бәрін де береді. Ойлап қарасаңыз, осындай жетістіктерге балаларымыз да жетіп жатыр ғой. Математикадан жыл сайын ұтып жатыр. Неге соларға ең болмағанда біреуі бір велосипед бермейді?! Бір спортшы шықса, оған үйіп-төгіп Үкімет те береді, кейін допинг болып шыға келеді. Кезінде бүкіл зілтемірші допингпен шығып, бірақ ешқайсысы сыйлығын қайтарған жоқ", - деді ғалым.
Еске салайық, бұған дейін Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанғаны хабарланды. Отандасымыз финалда француз дзюдошысы Лука Мхеидзеден айласын асырды.
Елдос қарсыласын негізгі уақытта-ақ жеңіп шықты. Белдесу аяқталуға бір минут қалғанда вазарри әдісін сәтті орындады. Кейін спортшыға кәсіпкерлер, шенеуніктер көлік мінгізіп, үй сыйлады. Тіпті 100 жылқы сыйлағандар да табылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!