- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Спортшылар Керекуден неге...
Спортшылар Керекуден неге кетеді?
Кейінгі кездері Керекуден шыққан мықты спортшылардың өзге өңірдің атынан жарыстарға қатысуы белең ала бастады. Павлодарда оларға жалақы аз төленген соң басқа аймақтарға қоныс аударып, сол жақтың атынан байрақты бәсекелерге қатысуға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Параолимпиада ойындарының күміс жүлдегері дзюдошы Зарина Байбатина Батыс Қазақстан облысының атынан бақ сынаған. Суда жүзгіш павлодарлық Аделаида Пчелницева Ислам ойындарында Шымкент қаласының қоржынына төрт медаль салды. ММА шебері Алик Домнич кілемге Астана командасымен бірге шығып жүр. Тізе берсе, тізім ұзынсонар. Панкратион мен грепплингтен Қазақстан және Азия чемпионы, ММА-дан әлем біріншілігінің қола жүлдегері Алик Домнич, жергілікті телеарнаға берген сұхбатында Павлодарда спортшыларға көңіл бөлінбейтінін айтқан.
"Біз әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрсек те бізді адам құрлы көзге ілмейді", - деген еді спортшы.
Павлодарда спортшыларға төленетін ең жоғарғы жалақы - 345 мың теңге. Оның өзінде оған қолжеткізу үшін халықаралық турнирлерде топ жару керек. Ал басқа аймақтарда еңбекақы Керекумен салыстырғанда екі-үш есеге көп. Жергілікті шенділердің сөзінше, қолдан келер қайран жоқ.
"Біздің мықты спортшыларымызға "баспанамен қамтамасыз етеміз, жоғары жалақы төлейміз" деп ұсыныс жасаған соң кетіп жатыр. Басқа аймақтарда бюджет қаржатынан өзге қосалқы ресурстары бар. Сонысымен қызықтырады. Ал ол жағынан бізде проблема. Дегенмен олар Қазақстаннан кетіп жатқан жоқ қой", - дейді Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев.
Айта кетейік, биыл күзде Қытайдың Хуанчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарына қатысу үшін Павлодар облысынан 20 спортшы іріктеу жарыстарына дайындалып жатыр.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы