Бүгінде Қазақстанда донорлықтың түр-түрі бар. Оның ішінде, ер адамдардың ұрық донорлығы да бар. Қазақстанда сперма донорлығына сұраныс жоғары ма? Донор болғысы келетін ер адамдарға қандай талап қойылады? Донор болу ақысы қанша? Осы және өзге де сұрақтарға Репродуктивтік Медицина Институтының уролог-андрологы, хирург Ерік Қартанбаев Massaget.kz тілшісіне жауап берді.
Ұрық донорлары не үшін қажет?
Ерік Қартанбаевтың сөзінше, Қазақстанда және жалпы әлемде ерлі-зайыптылардың 20 пайызына жуығы бедеу. Ол дегеніміз не? Егер ерлі-зайыптыда бір жыл ішінде ешқандай контрацептив қолданбай жүктілік бола алмаса бедеулік деген диагноз қойылады екен.
"Ал бедеулік немесе белсіздікке не себеп болады? Ол ер адам тарапынан және әйел адам тарапынан болып бөлінеді. Ер азаматтар тарапынан белсіздік 50 пайыздық көрсеткіші бар. Бірақ 50 пайыздың бәріне донор қажет деген сөз емес. Арасында 3-5 пайызына ғана донор қажет болады. Донорлық кейбір жағдайда қажет болады. Яғни обструктивті емес азооспермия кезінде ер адамның аталық безінің өзі ұрық бөле алмаса, түзе алмаса қажет. Біз оны басынан бастап тексереміз. Тексергеннен кейін микротеза деген операция жасаймыз. Микротезада ұрық табылмаса ғана біз донорлық сперманы ұсынамыз", - дейді маман.
Репродуктивтік Медицина Институтының уролог-андрологы, хирург Ерік Қартанбаев. Фото: instagram.com/erikkartanbaev
Ерік Қартанбаевтың сөзінше, Қазақстанда сперма донорлығы кеңінен таныла қоймаған.
"Себебі белсіздіктің 3-5 пайызында ғана донорлық ұрықты ұсынамыз. Оны қолдану не қолданбауды әр пациент өзі шешеді. Біз оны мәжбүрлей алмаймыз. Тек диагноз қойылғаннан кейін, микротеза арқылы ұрық табылмаған жағдайда ғана донорлықты ұсынамыз. Ерлі-зайыптылардан бөлек жалғызбасты аналар бар. Олар донорды көп мөлшерде қолдана алады", - дейді уролог.
Ұрық доноры болғысы келетін ер адамдарға қандай талаптар қойылады?
Донор болғысы келетін азаматтарға талаптар өте көп. Біріншіден, физикалық, психикалық тұрғыда сау болуы керек.
"Екіншіден, өмірінде ешқандай операция жасатпаған болуы керек. Ешқандай жыныстық, ВИЧ инфекциялары болмауы керек. Соның бәрін орталығымыз тексереді. Егер сол талаптардан өтсе ғана ұрығын донорлық ретінде ала аламыз", - дейді маман.
Ерік Қартанбаев сперма доноры болу процесі қалай жүретінін түсіндіріп берді.
"Бастапқыда донор боламын деген азаматтар біздің орталыққа келеді. Өтініш жазады. Сол бойынша ұрығын, оның сапасын, санын, белсенділігі, морфологиясын тексереміз. Егер көрсеткіштері жақсы болса криоконсервация жасаймыз. Яғни ұрықты қатырып, біраз уақыттан кейін жібітіп, қайтадан тексереміз. Егер бастапқы көрсеткіштерге қарағанда кейінгі көрсеткіштер төмендеп кетсе ондай ұрықты донорлыққа ала алмаймыз. Себебі ол ер адам ұрықтарын тапсырғаннан кейін міндетті түрде криоконсервация жасап, алты ай шамасында донорды ВИЧ-инфекция, жыныстық жолмен берілетін басқа да инфекцияларға тексереміз. Алты айдың ішінде ешқандай инфекция табылмаса, сол қатырылған материалды пациенттерімізге ұсына аламыз", - деп түсіндірді маман.
Көрнекі сурет: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Уролог донор тікелей келіп, бірден ұрығын тапсырып, ұсынып жіберуге мүлде болмайтынын атап өтті.
"Себебі Қазақстанда карантин мерзіміне байланысты алты ай деген қағида (заң) бар. Егер сол уақытта қандай да бір инфекция шықса донормен келісімшартты бұзамыз. Сонымен қатар, талапқа сәйкес 18-35 жас аралығындағы ер адамдарды донорлыққа таңдаймыз. Донордың өзінің де баласы болуы артықшылық болып саналады", - дейді Ерік Қартанбаев.
Донор болу немесе ұрықты сатып алу құны заңгерлермен шешілетін мәселе.
"Жалпы біздің орталықтағы баға бойынша 130-150 мың аралығы. Ұрығы жарамай қалған азаматтарға ешқандай ақша төленбейді. Олар бастапқыда ұрығы жарай ма, жоқ па - соны тексеруге келеді. Егер жарамсыз болса, донорға хабарлаймыз. Әрі қарай жұмыс жүргізілмейді. Егер ұрық жарамды болса, ер адамға, мысалы біздің орталықта әр мөлшерге (порциясына) 40 мың теңге қаржылай көмек беріледі", - дейді маман.
Ер адам аптасына бір рет немесе екі рет ұрығын тапсыра алады. Себебі әр ұрықты тапсыру 3-5 күн аралығында болуы керек. Сол кезде ұрықтың сапасы, толық көлемді шығады екен.
Ұрық доноры болған ер адам туралы ақпарат ашық қала ма?
Донор болған ер адам міндетті түрде аноним қалады. Аты-жөні, туған жылы, туған жері жазылмайды.
"Бірақ жеке анкетада толтырылып, барлық құжаты тексеріледі. Олар жіті сақталады. Бірақ ұрық доноры қажет болған пациенттерге донор туралы ешқандай ақпарат берілмейді. Тек бойы, көзінің, шашының түсі, білімі, қазақ болса руы ғана жазылады", - дейді уролог.
Көрнекі сурет: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Ерік Қартанбаев донорлыққа келген 50 адамның тек екеуі жарамды болады деген жалған әңгіме екенін жеткізді.
"10-15 пайызы жарамды болады. Себебі тапсырылған ұрықты санап, жақсыларын таңдағанымызбен оның ішінде криотолеранттық деген көрсеткіш бойынша -320 градуста қатырамыз, қайтадан жібіткеннен кейін көп ұрықтың сапасы нашарлап кетеді. Осылайша жарамдылығы азайып кетеді", - дейді маман.
Донорлық арқылы жасанды жолмен өмірге келген бала белсіз болатыны рас па?
Ерік Қартанбаев ол да ел аузында жүрген ертегі екенін айтады.
"Себебі Қазақстанның өзінде ең алғаш ЭКО арқылы туған балалардың жасы 27-28-ге келген, олардың өз отбасы бар. Отбасында табиғи жолмен өмірге келген балалары бар. Жасанды жолмен өмірге келген бала белсіз болмайды, табиғаттың заңына қайшылық жоқ, баланың дамуына кедергі болмайды. Эмбрионды анасының ішіне салып берген кезде бала 9 ай бойы он екі мүшесі толық дамиды", - дейді уролог.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!