Қазақстанда адамның келісімінсіз сусынына немесе тамағына қауіпті зат қосқаны үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Спайкингке қатысты мәселені Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова көтерді. Оның пікірінше, жауапкершілік белгілеу үшін ауыр зардаптың туындауын немесе басқа қылмыстың жасалуын күтпеу керек. Адамға оның келісімінсіз қауіпті зат беру фактісінің өзіне құқықтық баға берілуі қажет.
Спайкинг деген не?
Қазақстанда қандай өзгеріс ұсынылды?
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттердің жекелеген салдары үшін жауапкершілік қарастырылған. Алайда қауіпті затты жасырын енгізу фактісін дербес құқық бұзушылық ретінде бағалау мәселесі толық реттелмеген.
Осыған байланысты спайкингтің таралу ауқымын, себептері мен салдарын зерттеу ұсынылды. Сондай-ақ оны жедел анықтау, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдерді сақтау тәртібін әзірлеу қажеттігі айтылды.
Қандай белгілерге назар аудару керек?
- Өзіңді әлсіз немесе ауырып тұрғандай сезіну
- Бас айналу
- Масайған күйде болу
- Айналадағы заттарды анық көре алмау, заттардың бұлдырап көрінуі
- Аяқта нық тұра алмау
- Дұрыс сөйлей алмау
- Ерсі қылықтар жасау
- Галлюцинация
- Ұйқы келу
Өзіңізден немесе айналаңыздағы адамдардан осыған ұқсас белгілер байқасаңыз, бірінші кезекте, ықтимал құрбанды қауіпсіз жерге алып шығу керек.
Оқиға белгілі бір мекеме (бар, мейрамхана, клуб) ішінде болса, әкімшілік немесе қауіпсіздік қызметкерлерінен көмек сұраңыз.
Уланған адамды таза ауаға шығарып, таза су беріп, мүмкіндік болса, ауруханаға жеткізген дұрыс. Ауруханада қан құрамында есірткілік заттар бар/жоғын тексеретін тест жасатыңыз.
Көбіне спайкинг құрбандары "полиция сенбейді, өзімізді айыптайды" деген қорқынышпен құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Осыдан спайкинг фактілері ресми тіркелген оқиғалардан әлдеқайда көп. Спайкинг – маңызды мәселе, сондықтан ол туралы жиі айту, қоғамды құлағдар ету бұл тақырып төңірегіндегі стигманы азайтып, қауіпті қылмыстың алдын-алу, оны азайтуға көмектеседі.
Сусынға бірдеңе қосылды деген күдік болса не істеу керек?
Алдымен сенімді адамға немесе мекеменің қызметкерлеріне жағдайды айтып, қауіпсіз жерге бару қажет. Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, медициналық көмекке жүгініп, сусынға белгісіз зат қосылған болуы мүмкін екенін айтыңыз.
Жаныңыздағы адамның жағдайы нашарласа, оны жалғыз қалдырмаңыз және бейтаныс адаммен жібермеңіз. Есінен тану немесе тыныс алудың қиындауы байқалса, шұғыл медициналық көмек қажет.
Полицияға мүмкіндігінше ертерек хабарлаған жөн. Кейбір заттар ағзадан тез шығарылатындықтан, тексеруді кешіктірмеу маңызды. Қауіпсіз болса, сусын қалған ыдысты сақтап, оны полицияға көрсетуге болады. Медициналық көмек алуды дәлел жинау үшін кейінге қалдыруға болмайды.
Спайкингтің алдын-алуға көмектесетін қауіпсіздік ережелері
- Сусыныңыздан көзіңізді айырмаңыз
- Басқа адамдардың бокалынан сусын ішпеңіз
- Танымайтын адамның қолынан сусын алмаңыз
- Ішкенде біртүрлі дәм болса, бірден төгіп тастаңыз
- Әрдайым ішкі түйсігіңізді тыңдаңыз
- Өзіңізге жайсыз ортадан тезірек кетуге, сенімсіз адамдардан іргеңізді аулақ салуға тырысыңыз
Достарыңыз бен сенімді адамдардың жанында болсаңыз да, қауіпсіздік ережелерін ұмытпаңыз. Өкінішке қарай, спайкинг фактілеріне жақын танитын адамдардың қатысы көп болады.