Сөзін дұрыс айтпай жүрміз. "Сағындым Алматымды" әні қалай шыққан?

Сөзін дұрыс айтпай жүрміз. "Сағындым Алматымды" әні қалай шыққан?
Фото: alma-ata.city

"Қосамын әнге атыңды, Тосамын әр хатыңды"... Бұл тармақтар қай әннен алынғанын бірден түсінген боларсыз. "Сағындым Алматымды" әні қалай шыққанын білесіз бе? Massaget.kz тілшісі материал дайындады.

Алматы туралы ән көп, оның ішінде "Сағындым Алматымды" әні төресі саналады. Алматыда оқыған студенттер, қонақ болған адамдар осы әнді айтып, оңтүстік астананы сағынып жүреді.

Әннің авторы - композитор Алтынбек Қоразбаев. Ал сөзін ақын Серікбай Оспанов жазған екен.

Бұл ән алғаш рет 1974 жылы орындалған. Ән Қоразбаев Құрманғазы атындағы консерваторияны енді ғана тәмамдап, Жамбыл облыстық "Алатау" ән-би ансамблін басқарып жүрген кезінде шыққан екен.

"Ойымнан Алматы кетпейді. Алматыны сағынамын. Алматы түсіме кіреді. Жастық шақ, алғашқы махаббат дегендей. Ән шығаруды 1974-75 жылы бастадым десем, қателеспеймін. Ең алғаш әнім "Әгугай, домбыра" болды. Екіншісі - осы "Сағындым Алматымды". Әннің сөзін өзім жаздым, ол кезде Жамбылда асып бара жатқан ақындар да жоқ еді", - дейді Алтынбек Қоразбаев "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында.

1974 жылы Алтынбек Қоразбаев жақында құрылған "Домбырашылар" триосымен "Алтыбақан" деген бағдарламада осы әнді орындаған екен.

Кейін композитор әннің сөзін өзгертуге бел буыпты. Оны Серікбай Оспанов жазып берген.

"Әнуар Бекжанов деген композитор жігіт бар. Содан өлеңді тез жазып беретін кім бар деп сұрапты. Ол "Серікбай Оспанов деген жігіт бар, сол жазып береді" депті. Мен ол кезде Қазақ радиосында жұмыс істеймін. Олар "Жетісу" қонақүйінде жатыр екен, сонда барып, әнін тыңдап, дайындап бердім", - дейді ол.

Жаңа мәтін Алтынбек Қоразбаевқа ұнап қалған, сөйтіп, "Қосамын әнге атыңды, Тосамын әр хатыңды, Сағындым алма бағын, Арайлы Алматымды!" деген ғажап ән шықты.


Серікбай Оспанов. Фото: kspi.kz

Бірақ бізге жеткен нұсқада сәл өзгеріс бар екен. Ақын Серікбай Оспанов өлең жолдарында "Еске алу Көктөбені, Жаныма от береді" деп жазған. Бірақ оны бәрі "Еске алсам Көктөбені" деп айтып жүр.

1980-жылдардың басында бұл әнді КСРО халық артисі Валентина Толкунова орысшаға аударып, орындаған.

Артынша бұл әнді Мақпал Жүсінова домбырамен айтып жүрді. Бірақ 90-жылдардағы дағдарыс кезінде бұл ән жиі айтылмай кетіпті.

2000-жылдардың басында көптен бері шырқалмай жүрген әнге "МузАРТ" тобы екінші дем берді. Мейрамбек Бесбаевтың айтуынша, бұл ән "МузАРТ-тың" паспортына айналған. 

Айта кетейік, бұған дейін ел сүйсініп тыңдайтын "Нурикамал" және "Бозторғайым" әндерінің тарихын жазған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш