Созақтықтар 2,5 мыңнан астам қаракөл қойын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттады

Созақтықтар 2,5 мыңнан астам қаракөл қойын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттады
Фото: ontustik.gov.kz

Биыл Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің  тарапынан қолға алынған ауыл шаруашылығы малдары етін экспортқа шығару жөніндегі жұмыстар оң нәтижесін берді, деп хабарлады Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осы жылдың тамыз айы мен қазан айының бірінші онкүндігі аралығында «Қара Құр» өндірістік кооперативінде өсірілген 2688 бас еркек қаракөл тоқтылары Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығару үшін сатылды.

Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа ұсақ мал мен қой, сиыр, түйе етін шығарумен айналысатын «Дисада» ЖШС-нің директоры Сүлейманов Санат: «Біз Созақ ауданы «Қара-Құр» өндірістік коперативінен 2 партия, барлығы 2688 бас ұсақ мал төлдерін экспортқа шығарып отырмыз. Алдағы кезеңде араб мемлекеттеріне экспортқа аудан агроқұрылымдарынан ұсақ мал мен сиыр, түйе етін шығару ісін жүйелі түрде жалғастыратын боламыз», - дейді.

Мұнан бөлек, серіктестіктің Біріккен Араб Әмірліктеріне 50 мың бас ұсақ мал төлін сату жөнінде келісімшарты бар. Бүгінде экспортқа тірідей мал төлдерін шығарумен айналысып жүрген шаруалар келешекте Созақтың Таукент кентінде орналасқан «Таукент мал сою цехын» күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосуды жоспарлап отыр. Мал сою цехы іске қосылғанда мұздатылған ауыл шаруашылығы малдарының етін де шетел нарығына шығаруға мүмкіндік пайда болмақ.

 

T. Кіршібаев