Совет үкіметінің құлағанын көрдім. Аштан өлсем арманым жоқ - Мұхтар Мағауин

Кеше, 2 ақпан Мұхтар Мағауиннің туған күні болды. Көзі тірі болғанда жазушының 85 жылдық мерейтойы өтер еді. Осы айтулы күні белгілі тележурналист Жанар Байсеміз YouTube каналында жазушымен АҚШ-та болған соңғы сұхбатты жариялады. Әңгіме барысында Мағауин Кеңес үкіметінің құлауына қатысты әсерімен бөлісті,  - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әйеліме кейде Совет үкіметінің құлағанын көрсем арманым болмас еді деп айтамын ғой. Мен екі ақ адаммен еркін сөйлесетін едім, өмірде, біреуі - Әбіш Кекілбаев, үлкен қызметке кетіп қалғанға дейін... біреуі чуваш жазушысы - Мишши Юхма. Совет үкіметі құлады, таршылық болды. Ақшамыз көп еді, оның бәрінің құны кетіп қалды. Сонда біздің бәйбіше: "Совет үкіметі құласа деуші едің, құлады, ал не таптың?" деді. Мен "аштан өлсем арманым жоқ" дедім. Совет үкіметінің құлағанын көрдім. Жұрттың бәрі Совет үкіметі құласа деп армандаған жоқ, ойлаған жоқ. Ол мәңгілік сияқты көрінді. Мен тарихты жақсы білгендіктен, Совет үкіметінің құлайтынын білдім, бірақ менің тұсымда болады деп ойлағам жоқ", - деп ағынан жарылды жазушы. 

Сондай-ақ жазушы соңғы жылдары елден кетуінің себебі туралы да ашып айтқан. Мұхтар Мағауин 10 қаңтар күні АҚШ-та өмірден өтті. 11 қаңтарда АҚШ-тың Мэриленд штатында қазақ жазушысы Мұхтар Мағауинмен қоштасу рәсімі өтті. Жаназа Diyanet Center of America мешітінде оқылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!