Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов совет дәуіріндегі мультфильмдер мемлекеттік тілге аударылуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Жанна Асанова кеңес заманындағы мультфильмдерді қазақ тіліне аудару мәселесін көтеріп, министрдің орынбасарына сұрақ қойды.
"Өзектілігін жоғалтпаған және балаларды адамгершілікке тәрбиелейтін кеңес заманындағы мультфильмдерді мемлекеттік тілде ретрансляцияға қатысты сіздің ұстанымыңыз қандай?", - деді сенатор.
Қанат Ысқақов мұны іске асыруға болатынын жеткізді.
"Біз де совет мультфильмдерінің өзекті болған дәуірін көрдік. Бұл мәселеге қатысты жеке көзқарасым бар. (Бұл мультфильмдерде - еск.) еңбекқорлық, отанға деген сүйіспеншілік, жақынға деген құрмет сынды құндылықтар бар. Жұмыс істейміз. Бірақ ретрансляция емес, біз мемлекеттік тілге аударып, әлеуметтік желідегі жұмысты күшейтеміз. Себебі 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың басым бөлігі әлеуметтік желілерде отырады. Аударма және дубляж мәселесін міндетті түрде бақылауға аламыз", - деді министрдің орынбасары.
Сенат кулуарында ол министрлік совет мультфильмдерін мемлекеттік тілге аударуға дайын екенін айтты.
"Ссовет дәуірінде шыққан кейбір мультфильмдер біздің этикамызға қайшы келмейді. Сондықтан оларды аударуға мүмкіндік бар, қажет болса аударамыз. Бұл қыруар ақшаны талап етпейді. Онсыз да шетелдік контентті аударып жүрміз. Бекітілген бюджет аясында (жобаны - еск.) іске асыруға дайынбыз", - деді Қанат Ысқақов.
Сондай-ақ, министрдің орынбасары совет дәуіріндегі мультфильмдер іріктелетінін жеткізді.
"Мен барлық мультфильм деп айтпадым. Іріктейміз, бәрін талқылаймыз. Қоғамдық кеңес те өтуі мүмкін. Совет дәуіріндегі анимациялық контент салт-дәстүрімізге, болмысымызға сәйкес келсе ғана алынады. Бұл бас салып, бәрін аудару деген сөз емес", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!