Әлеуметтік желілерде сотталған бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігіне жұмысқа оралғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңесте жасанды интеллект бойынша секцияны басқарғаны туралы ақпарат тарады. Оның әлеуметтік желілердегі парақшасында да осы кеңестегі жұмыс орны көрсетілген.
Сонымен қатар, кейінгі жазбаларының бірінде 10-11 қазанда Астанада V республикалық форум аясында сессияға қатысатынын жариялаған.
Tengrinews.kz сауалына берген жауабында Денсаулық сақтау министрлігі Олжас Әбішев ведомствоның штаттық қызметкері емес екенін хабарлаған. Соған қарамастан, ол ғылыми-техникалық кеңес жұмысына қатысады. Десе де арада ешқандай еңбек қатынасы рәсімделмеген.
2022 жылғы қазанда сот Олжас Әбішевті "Лауазымдық өкілетін теріс пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, сот одан және Біртановтан мемлекет пайдасына 1,3 миллиард теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз