Сотта татуласқан: Павлодарда ер адам үйге кіріп, иесін зорлаған

Сотта татуласқан: Павлодарда ер адам үйге кіріп, иесін зорлаған
Фото: Midjourney нейрожелісі

Павлодар соты бөтен үйге кіріп, иесінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оны зорлаған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Іс жабық сот отырысында қаралды және заң бойынша істің мән-жайы жария етілмеді. Алайда жәбірленушінің мүгедектігі бар екені белгілі болды. Сотталушы түнде мас күйінде әйелдің үйіне жасырын түрде кіріп, оның дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен.

Ер адамға екі бап бойынша айып тағылды: Қылмыстық кодекстің 149-бабының 1-бөлігі "Бөтеннің үйіне кіру" және Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігі "Зорлау".

Прокурор сотталушыға алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Жәбірленушінің өкілі мен оның адвокаты келтірілген моральдық зиян өтелгендіктен, сотталушымен татуласқанын және оған ешқандай талабы жоқ екенін айтты. Сондықтан оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін айтқан.

Сот істің барлық мән-жайын зерделеп, тараптарды тыңдағаннан кейін сотталушыға бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұйғарды. Сот жәбірленушінің заңды өкілі мен адвокаттың пікіріне қарамастан, шартты жаза үшін негіз жоқ деп тапты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан