Блогер Рүстем Баязиев сотта маймыл туралы сұрақ қойғаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" сайтына сілтеме жасап.
11 қаңтарда блогер басқа адамға қатысты сотқа қолдау ретінде келген. Сол кезде блогер судьяға "Маймыл қайда? Көрмедіңіздер ме?" деп сұраған.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Анар Айтжанова бұл қорлау деп санап, Баязиевке "сотты құрметтемегені" үшін баянат берді.
12 қаңтарда осы негізде сот приставы Баязиевке қатысты ҚР ӘҚБтК 653-бабының 1-бөлігі ("сотқа құрметсіздік білдіру") бойынша әкімшілік хаттама жасады. Блогер бұған келіспеді. Оның айтуынша, ол судьяға сұрақты сот басталғанға дейін де қойған.
"Бұл сұрақтың өзінің тарихы бар. Бұған дейін сіздің әріптесіңіз мені "маймыл" деп атаған, бірақ сот шешімді оның пайдасына шешкен. Сондықтан маймыл туралы сұрақ сот жүйесіне қарсылығым ретінде де қойылды", - дейді блогер.
Қазіргі уақытта сот Рүстем Баязиевті бес тәулікке қамауға алғаны белгілі. Блогер бұл шешіммен келіспеген.
Айта кетейік, Рүстем Баязиев Instagram-да 18 мың оқырманы бар блогер. Ол парақшасында жергілікті мәселелерді қозғап жүрген қоғам белсендісі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз