- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сотта Гүлмира Сатыбалдының...
Сотта Гүлмира Сатыбалдының Алматыдағы қандай құрылыстарға қатысы бары айтылды
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сотта жәбірленуші олар Алматыда қандай нысандар салғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотта жәбірленуші кәсіпкер Абай Жүнісовтің ағасы Қасым Жүнісов сөйледі. Ол жәбірленуші мен Гүлмира Сатыбалды иелік еткен құрылыс компаниясында жұмыс істеген. Қасым Жүнісовтің сөзінше, ол 2011 жылы Гүлмира Сатыбалдымен кездесіп, жақсы араласып кеткен. Сатыбалды ағасы екеуіне "әкімшілік ресурсын" ұсынған.
"Бізге жақсы көмектесіп жүретін, оған сендік, себебі Қайрат Сатыбалды мен Назарбаевпен тығыз байланыста болатын. Нәтижесінде 1200 адам сиятын мектеп салдық. Жоба жақсы орындалды және екі жылда салынудың орнына құрылыс бір жылда бітті. Екінші жобамыз - құны 4,5 миллиард теңге және 3,7 миллиард теңге болатын Назарбаев интеллектуалдық мектептері.
Одан бөлек, құны 24 миллиард теңге болатын мұз айдынын салдық. Жобаларда қандай да бір проблема болмайтын, бәрін уақытында салдық. Мұз айдынына қатысты - Назарбаевтың өзі де келген болатын, суреттер бар. Сонымен қатар, Алматының әкімі болған Бауыржан Байбек 1200 оқушы сиятын химия-биология мектебінің жобасы да болды", - дейді Қасым Жүнісов.
Жәбірленушінің адвокаты жоба құрылыстары кезінде түсірілген суреттерді бәріне көрсетуді сұрады. Олардың сөзінше, осылайша барлық жоба Гүлмира Сатыбалды айтқандай ақша жымқыру арқылы салынбағанын дәлелдеуге болады.
Мұны Гүлмира Сатыбалдының да адвокаты қолдап, бірақ басқа мәлімдеме жасады.
Оның сөзінше, суреттер ағайынды Жүнісовтерге Сатыбалдымен бірге жұмыс істеу тиімді екенінің дәлелі бола алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина