Алматының Түрксіб аудандық соты бұған дейін вайнер Мейіржан Төребаевқа секілді Мейірхан Шерниязовқа да жазаны жеңілдетуден бас тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот іс материалдарымен танысқаннан кейін Шерниязовтың өтініші қанағаттандырылмады деп түсіндірді. Бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Шерниязов Алмалы аудандық сотының 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен қаржы пирамидасын құрып, оны басқарғаны үшін (ҚР ҚК 217-бабы) айыпты деп танылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 814 миллион теңге, оған қоса 8 миллион теңге мемлекеттік баж бар. Үкім 2024 жылғы 1 ақпанда күшіне енді.
Сот Шерниязов келтірілген шығынды өтемегенін, бұл жазаны жеңілдетудің маңызды шарты екенін айтты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес, сотталған адам келтiрiлген зиянды толық өтеген және қамауда ұстау тәртiбiн бұзбаған жағдайда ғана сот жазаны неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыра алады.
"Қылмыстық кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, кішігірім, ауырлығы орташа немесе ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адамға, ол қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген не жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзбаған жағдайда, жазаның қалған өтелмеген бөлігін сот жазаның неғұрлым жеңіл түрімен алмастыруы мүмкін", - деп хабарлады сотта.
Бұған дейін сот сотталған вайнер Мейіржан Төребаевтың өтінішін қанағаттандырмады.
Бұған дейін қаржы пирамидасына қатысы болған Шерниязов пен Төребаев бостандыққа шығуы мүмкін екені айтылған еді.
Сотталған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов өздеріне тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұрады.
Олар сотқа тиісті өтініштерін тапсырған.
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, материалдар шынымен аудандық сотқа қарауға жіберілген.
Еске салайық, 2023 жылдың маусымында Төребаев пен Шерниязов қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару бойынша кінәлі деп танылған болатын.
Олардың әрқайсысы бес жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл іс бойынша қалған айыпталушылар 8 жылдан 14 жылға дейінгі мерзімге сотталды.
Қазан айының соңында сотталған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Павлодар колониясынан тұрғылықты мекенжайы бойынша Алматыға этаппен жеткізілгені белгілі болды.
ҚАЖК бұл жағдайды Алматы қаласындағы мекемедегі ұсталатын адамдар лимитінің ұлғаюымен түсіндірді. Желтоқсан айының басында ҚАЖК сотталған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың жұмысқа орналасқаны туралы хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз