• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Сот Перизат Қайрат басқарған қор бойынша шешім шығарды

Сот Перизат Қайрат басқарған қор бойынша шешім шығарды
Фото: instagram.com/01pk

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің Biz birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес қор 2021 жылғы 11 қазанда бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен. Бірлестіктің құрылтайшылары - 10 адам, олардың есімдері Қайрат Перизатты қоса алғанда, құрылтай жиналыстарының хаттамаларында көрсетілген.

Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізілген, ал қорытындысына сәйкес 10 құрылтайшының 9-ының атынан құрылтай құжаттарына Қайрат Перизат қол қойғаны анықталған.

"Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заңбұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін. ҚР Жоғарғы сотының "Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ заңды тұлғаны басшысын және (немесе) құрылтайшысын (қатысушысын) көрсете отырып тіркеу (қайта тіркеу) заңды тұлғаны тарату (жарамсыз деп тану) үшін негіз саналады.

Бірлестікті құру кезінде анықталған заңбұзушылықтарды ескере отырып, сот Biz birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады", - деп жазылған хабарламада.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, жуырда Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігі жабылуы мүмкін екені белгілі болды. Бұл туралы Әділет министрлігі мәлімдеді.

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы болды, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар, ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ, Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т.б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова