- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сот отырысы кезінде...
Сот отырысы кезінде жалған ақпарат берсе куәгерге қандай шара қолданылады?
Сот отырысы кезінде куәгер жалған ақпарат берсе, оған қандай шара қолданылады? Бұл сұраққа заңгер Думан Көпбаев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заңгердің айтуынша, куәгер азаматтық сотта болсын, әкімшілік сотта болсын немесе қылмыстық сотта болса да, ол жалған ақпарат бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
ҚР Қылмыстық Кодексiнің 420-бабына сәйкес, куәгер, сарапшы немесе маман жалған ақпарат берсе, жалған айғақтар мен қорытындылар ұсынса, мынадай жауапкершіліктер қарастырылған:
- Сотта немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында куәнің, жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары не сарапшының, маманның қорытындылары, сол сияқты сондай жағдайларда, сондай-ақ атқарушылық құжаттарды орындау кезінде аудармашы жасаған көрінеу қате аударма – алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша немесе пайдакүнемдiк ниетпен жасалған дәл сол іс-әрекеттер – бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
"Сондай-ақ егер куәгер айғақ беруден, жауап беруден бас тартатын болса, Қылмыстық Кодексiнің 421-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген", - дейді Думан Көпбаев.
Қылмыстық Кодексiнің 421-бабына сәйкес куәнің немесе жәбiрленушiнiң сотта немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айғақтар беруден бас тартуы – екі мыңнан бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Оқи отырыңыз: Бишімбаев ісі: алқабилерді іріктеу қалай жүреді?
А. Жапатова