Сот Динара Құйқабаева қоғамда резонанс тудырған сот ісі бойынша адамдарға процесті қарамауға кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Сот бұл кеңесінің үш себебін түсіндірді.
1. Кәсіби көзқарас.
Маманның айтуынша, сот барлық айғақ, түсінік, куәгерді тыңдауға міндетті.
"Адам өліміне қатысты сот істерінде көбінесе айыпталушының қорғаныс тарабы жәбірленушінің өзін кінәлі етіп көрсететін оқиға желісін ұстанады. Этика мен мораль тұрғысынан қайтыс болған адам туралы тек жақсы ақпарат айтылады немесе мүлде ешнәрсе айтылмайды. Ал кереғар ақпаратты есту жәбірленушінің туыстарына қиынға соғады. Дегенмен, сот барлық айғақты тыңдауға міндетті, ол тіпті ақылға қонымсыз болса да. Дәлелді негіз бар жерде оны таразыдан шығаруға болмайды", - деді сот.
2. Әріптестік көзқарас.
Динара Құйқабаева қоғамда резонанс тудырған істі қарау моральдық тұрғыдан қиын екенін атап өтті.
"Мен қоғамда резонанс тудырған істі қарау моральдық тұрғыдан қаншалық қиын екенін білемін. Оған қоса, іс жұрттың назарында. Соттың кәсібилігі туралы қорытындыны үкім шығарылғаннан кейін ғана жасауға болады. Әріптесіме шын жүректен жанашырлықпен қараймын, заңды және негізделген үкім шығарылады деп сенемін", - дейді маман.
3. Психология тұрғысынан көзқарас.
Маман "куәгер жарақаты" деген ұғым бар екенін жеткізді. Ол адамға тікелей қауіп төндірмесе де, қауіпті немесе өлімге әкеп соқтырған жағдайға куә болған кезде пайда болады. Бұл жарақат сот отырысын мұқият бақылап жүрген кез келген адамда да пайда болуы мүмкін, өйткені бұл жағдай көбінесе эмоционалды тұрғыдан қаралады. Адамдарда қорқыныш сезімі туады, мазасызданады, депрессияға түседі. Қауіпсіздікке деген сенім жоғалады, өздерін дәрменсіз сезініп, шаршайды, энергия жетіспейді.
"Кейбір эмпатикалық және эмоционалды адамдар тіпті БАҚ жаңалықтарын оқығаннан-ақ, жарақаттанады. БАҚ көрермендері мен оқырмандары "медиа жарақатқа" бейім саналады. Психология ғылымы осы жарақатты емдеу үшін арнайы әдістер әзірлеген, оқулықтар мен монографиялар жазған. Мұның оңай процесс емесін түсіну қажет. Сондықтан, туыстарым эмоционалды тұрғыдан қиналмауы үшін мен оларға сот процесін қарамауға кеңес беремін. Ал егер сот ісінің қалай жүріп жатқанын қатты білгіңіз келсе, бұл туралы балалар мен денсаулығы нашар адамдарға айтпаған жөн", - деп жазған ол.
Сот қайтыс болған адамды қайта тірілту немесе уақытты артқа қайтару мүмкін емесіне назар аударды. Оның сөзінше, Конституцияның 77-бабына сәйкес айыпталушының кінәсі тек сот үкімімен белгіленеді. Сондықтан, қоғам үкімді күтіп, содан кейін ғана шешімнің қылмысқа және сот жұмысына қаншалық сай екеніне баға бергені дұрыс.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ораза айт қалай тойланады?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!