Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында талап қоюшы М-ның Ғылым және жоғары білім Министрлігіне қатысты мемлекеттік білім беру гранттарын беру туралы бұйрықты даулау туралы істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылғы мамыр айында М. Алматыдағы №61 орта білім беру мектебін бітірген. ҰБТ нәтижелері бойынша 140 балдан 119 балл жинаған. 16 шілдеде М. Нархоз университетіне "B049 - құқық" бакалавриат мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін құжаттар тапсырған.
"Ғылым және жоғары білім Министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығының деректеріне сәйкес 2024-2025 оқу жылына "B049 - құқық" мамандығына 150 грант бөлінген. "Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу үшін мемлекеттік білім беру гранттарын беру туралы" Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 2 тамыздағы бұйрығымен талапкерлерге "Төтенше жағдайдағы өңірлер үшін" квотасы бойынша 30 грант бөлінген. Министрліктің 2024 жылғы 27 тамыздағы бұйрығына сәйкес бас тартылған және игерілмеген гранттарды қайта бөлу нәтижесінде М. Нархоз университетінде "құқық" мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері болып табылады (талап қоюшының өтінімі бойынша басым орын)", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
М. 2024 жылғы 2 тамыздағы бұйрықты даулады. Талап қоюшының талабы даулы бұйрықпен конкурс бойынша өтпегендігі және ҰБТ-да алған жоғары балына қарамастан мемлекеттік білім грантын алмағандығы түрткі болды. Талап қоюшының пікірінше, жауапкер мен республикалық комиссияның "Төтенше жағдайдағы өңірлер үшін" квотасын мемлекеттік білім беру гранттарын бөлуге қатысты пайдалану өкілеттігі болмаған, себебі бұл квота қолданыстағы заңнамада көзделмеген.
Елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы шешімімен М-ның талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылды.
"Сот даулы бұйрықтың заң талаптарына сәйкестігін, оның мәні пропорционалдылық пен жарамдылық принциптеріне сәйкес келетіндігін анықтады. Сонымен қатар бас тартылған және игерілмеген гранттарды қайта бөлу нәтижесінде талап қоюшыға сұралып отырған Нархоз университетіне "Құқық" мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру гранты, яғни талап қоюшының өтінімі бойынша басым ЖОО берілген. Даулы бұйрықпен талап қоюшының қандай да бір құқықтары бұзылған жоқ. Сот сұралып отырған грантты алған талап қоюшының іс-әрекетінде құқықты теріс пайдалану бар деп қарастырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты", - деп хабарлады Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!