- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Сот арқылы өндіреміз“....
“Сот арқылы өндіреміз“. Грантта оқып, міндетін өтемей жүрген түлектерге ескерту жасалды
Мемлекет есебінен грантта докторантура оқығандар тиісті мекемеде жұмыс істемесе, 4 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Мемлекет мұны сот арқылы өндіріп алады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар еліміздегі грант негізінде білім беретін бүкіл мамандықтар бойынша грантты жұмыспен өтеу тәртібін енгізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Ұсыныс мақұлданса, мемлекет есебінен грантта оқығандар өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндеттелуі мүмкін.
Қаржы орталығының жетекші маманы Ақзира Серікқали "1001 түн" бағдарламасында көпшілікті мазалаған сұрақтарға жауап берді.
Маманның айтуынша, докторантура бойынша грантта оқыған маман үш жыл заңда белгіленген тиісті мекемеде жұмыс істеуі қажет. Егер түлек тиісті мекемеде жұмыс істемейтін болса, мемлекет тарапынан бөлінген 4 миллион теңгені сот арқылы өндіріп алады екен.
"Заңда белгіленген тәртіп бойынша талапкер оқуға түскенде қол қойған келісімшарт бойынша үш жылдық оқу процесі аяқталған соң маман жоғары оқу орны, ғылыми ұйым немесе мемлекеттік органдарда үш жыл жұмыс істеп, грантты жұмыспен өтеуі қажет. Егер уақытында кері байланысқа шығып, жауапкершіліктен жалтарған түлектер болса олардың ісін сотқа жіберіп, білім алуы үшін жұмсалған қаржыны мемлекеттік бюджетке мәжбүрлі түрде қайтаруын талап ете аламыз. Ескерте кететін тағы бір жағдай, егер сот ол ақшаны өндіріп алу туралы шешім қабылдаған жағдайда ол соманы бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондықтан мемлекеттік грантта білім алып, мамандығы бойынша жұмыс істемей жүрген түлектердің қаржы орталығына хабарласуын сұраймыз", – деді маман.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Ибраева