- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сот Абай облысындағы...
Сот Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты тыңдауды кейінге қалдырды
Абай облысының Бородулиха аудандық соты биыл жазда облыста болған ірі орман өртіне қатысты сот отырысының кейінге қалдырылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
13 қарашада өткен сот отырысында адвокаттың өтініші бойынша істі қарауды 2023 жылғы 27 қарашасына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Жәбірленушілер 16 қарашаға дейін азаматтық талап арыздарын жазбаша түрде тапсыруға тиіс. Сот отырысында ірі орман өртіне қатысты қылмыстық іс 54 томнан тұратыны айтылды.
Бұған дейін Абай облысы Бородулиха аудандық сотына "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс түскені хабарланған еді.
Лауазымды тұлғаларға Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі ("Екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") бойынша қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылып отыр. Осы баптың санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Айта кетейік, 10 қарашада Бас прокуратура Абай ауданындағы ірі орман өртіне қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ведомствоның хабарлауынша, тергеу өрттің себебі қылқан жапырақты ағаштың діңіне найзағай түсіп, кейін өрт содан тұтанған.
"Бұл нұсқа сарапшылардың, мамандардың қорытындыларымен, видео және фотосуреттермен, куәлардың айғақтарымен және басқа да іс материалдарымен расталып отыр, - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан