Түркістан облысының Сарыағаш ауданында прокурорлардың араласуынан кейін 89 адамның жүргізуші куәлігінің күші жойылды. Олардың наркологиялық және психиатриялық есепте тұрғаны анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап жазды.
Тексеру барысында медициналық қарсы көрсетілімдерге қарамастан, аталған азаматтарға көлік басқаруға рұқсат берілгені белгілі болды.
"Заңнама талаптарына сәйкес, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, сондай-ақ психоактивті заттарды тұтынуға байланысты бұзылыстары бар адамдарға медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда көлік құралдарын басқаруға жол берілмейді", – деп мәлімдеді қадағалау органы.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде соттар 89 азаматтың жүргізуші куәлігінің күшін жойды. Сондай-ақ жауапты лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Астанада арнайы ХҚКО директорының орынбасары ұсталған еді. ҰҚК мәліметінше, ол емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға көмектескені үшін жүйелі түрде пара алған. Жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам дерек тіркелген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!