- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сорсай, Қыземшек, Жыныс....
Сорсай, Қыземшек, Жыныс. Қазақ елді мекендеріндегі эротикалық атаулар
Қазақстанда атауы эротикалық мағынаға ие елді мекендер бар. Мысалы, Қыземшек деген кентті бұрын естіп пе едіңіз? Ал Жалаңаш немесе Жыныс ауылдарын ше? Бұл атаулардың мәні қандай? Massaget.kz тілшісі атауы ерекше елді мекендерді жинап шықты.
Қыземшек
Қыземшек - Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан кент. Шағын ғана кентте төрт мыңға жуық адам тұрады. Ол Созақ ауданының орталығы - Шолаққорған ауылынан солтүстік-батысқа қарай 201 шақырым жерде жатыр.
Өлкетанушы Мақсат Қарғабайдың айтуынша, Қыземшек елді мекені жайлы аңыздар бар.
"Бұрын жаугершілік заманда шаруасы дамыған, өрісі кең, бір кісінің жалғыз қызы болады. Сол қыз ерлермен бірге елге төнген қауіпке қарсы тұрып, жаумен шайқасады. Сол шайқаста жауды жеңе алмай, екі жақ тең түседі. Содан екі жақтан бір-бір батыр жекпе-жекке шығып күш сынаспақ болады. Жау жағы өзінің қыз екенін біліп қалмау үшін әлгі батыр қыз жекпе-жекке шығар алдында төсін қылышпен кесіп тастаған екен", - дейді Мақсат Қарғабай.
Бір қызығы, Қыземшектің қасында бір-біріне жақын орналасқан қос төбе бар екен. Ол да Қыземшектің өз символына айналыпты.
Қотантас
Қыземшекпен бірге Қотантас ауылы да жүреді. Бұл өңір де сол Қыземшектің маңында орналасқан.
Мақсат Қарғабайдың айтуынша, Қыземшек пен осы Қотантас деген жердің атауына қатысты тағы бір аңыз бар. Махаббат жолында мәңгі бір болуға серттескен екі ғашық қол ұстасып ата-аналарының рұқсатынсыз басы ауған жаққа елден қашыпты.
"Соңынан ерген қуғыншылар арқаның құмының ішінде екеуін ұстап жаза ретінде қыздың төсін, жігіттің мүшесін кесіп тастаған екен дейді. Сол себепті бұл өңірлер Қыземшек, Қотантас аталған екен", - дейді өлкетанушы.
Бұл ел арасында тараған аңыз. Ал қотантас атауы нақты қалай пайда болғаны белгісіз.
Жалаңаш
Қызылорда облысындағы Аралдан 59 шақырым жерде Жалаңаш деген ауыл бар. Жалпы, Қызылорда облысынан бөлек, Жалаңаш деген ауылды Алматы, Қарағанды және ШҚО-да кезіктіруге болады.
Жалаңаш ауылы Кіші Аралдың солтүстігіндегі Үлкен Сарышығанақ көлінің маңында орналасқан. Ол кезінде балық колхозы болған. Бұл жерді "Жамбыл" не "Бірлестік" деп те атайды. Себебі кезінде Жамбыл мен Бірлестік колхоздары бірігіп, кейін ол Жалаңашқа айналған. Ауылда 700-ге жуық адам тұрады.
Елді мекеннің маңында ешқандай ағаш жоқ, өсімдік өспейді. Сондықтан тұрғындар "жалаңаш жел өтіндегі мекен" деп, бұл жерді Жалаңаш атап кеткен.
Аққолтық
Түркістан облысы Созақ ауданында Аққолтық деген ауыл бар. Мыңнан аса тұрғыны бар. Деректерде ол XIX ғасырдың басында құрылғаны жазылған.
1907 жылы бұл ауылда ерекше мешіт салынған. Онда Қазақстанда шегесіз, ағаштан жасалған алғашқы мешіт болыпты. Сол кездері Аққолтық ауылына татар ұлтының өкілдері келіп қоныстана бастаған екен. Қазан қаласындағы ағаш мешіттерге ұқсатып, Аққолтықта да сондай мешіт салынған.
Қазақ тiлiнiң бiртомдық үлкен түсiндiрме сөздiгiнде "Аққолтық" сөзіне екі түрлі мағына жазылған. Оның бірі - соңғы алған ең жас әйел. Ал екіншісі - көп мiнiлген, жарамды ат.
Жыныс
Созақ ауданындағы тағы бір елді мекеннің атауы ерекше - Жыныс. Бұл ауыл Таукент кентінен 2,5 шақырым қашықта орналасқан. Ол 1928 жылдан 1959 жылға дейін "Октябрь" ауылы деп аталған.
Жыныс - Мыңжылқы биігінің терістік баурайындағы елді мекен. Бірақ оның атауына адам жынысының еш қатысы жоқ.
Ол жерде Жыныс әулиенің сағанасы бар. Сондықтан әулие атымен аталған. Ілгері заманда қалың тоғайлы, яғни жынысты ағаш өскен, аз сулы бұлақтары бар. Жыныс әулие есімі Қаратаудың етегінде ну-орман, иттің тұмсығы өтпейтін жынысқа байланысты койылған екен.
"Сорсай" деген ауыл бар ма?
Осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіде Сорсай елді мекені туралы әзіл тараған. Қазнеттегілер екі түрлі мағына беретін бұл сөзді әзілге айналдырған болатын.
Бірақ Сорсай деген ауыл расымен бар ма? "Қазақ топонимдерінің типтік үлгілерінде" Сорсай деген географиялық нысан бары жазылған. Мұны іздеп көрдік. Сөйтсек, Сорсай расымен бар екен. Бірақ ол ауыл емес, өзен атауы.
Өзен "сор" және "сай" деген екі сөзден құралған. Павлодар облысының Ақтоғай ауданында. Қарақасқа көлінің оңтүстік-шығысынан басталады да, ағынсыз арнасы Батыс Жалпақсор көлінің сортаңдарында жоғалады.
Одан бөлек, Түркістан облысы Ақбастау ауылдық округіндегі 14 шақырымға созылып жатқан "Дарбаза" каналында бір шақырымдық "Сорсай" иірімі бар екен.
Е. Төлеш