"Сорбұлақ сорымызды қайнатты". Алматы облысында шаруалар судың зарын тартып отыр

Алматы облысында шаруалар қосымша су беруді сұрап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Себебі "Сорбұлақ" су қоймасының қазіргі көлемі жеткіліксіз екен. Бір ғана Жамбыл ауданында су тапшылығынан 10 мың гектар суармалы алқап игерілмеген. Бұл мәселені диқандар жыл сайын айтып келеді. Алайда нәтиже шамалы.

"Сорбұлақ" су қоймасына бір жылда 70 миллион текше метр су келеді. Алматының кәріз жүйесінен шыққан су жолай бірнеше тазартудан өтіп, осы көлге жиналады. Көл суын техникалық дақылдар өсіретін шаруа қожалықтары пайдаланады.

"Көлге жиналатын судың 30 пайызы буланып кетеді. Өйткені бұл аймақтың жазы өте ыстық келеді. Суармалы жер жетерлік. Алайда тіршілік нәрі тапшы. Егер Сорбұлақтағы су көлемін арттырса, онда егістік алқабын да 8 мың гектарға жеткізуге мүмкіндік болады. "Сорбұлақ" алабында жиырмадан аса шаруа жүгері мен жоңышқа егеді. Оны күнде суғарады. Бірақ су жетпейді. Себебі Алматыдан ағып келетін судың жартысы "Сорбұлақты" толтырса, қалғаны Қапшағай маңындағы құмға сіңеді. "Алқапқа қажет тіршілік нәрі ысырап болып жатыр", - дейді шаруалар.

"Сорбұлаққа" келуге тиіс су қолдан жасалған бес көлді толтырып жатыр екен. Ал одан артылғаны далаға кетеді. Жеке шаруа Әуелбек Закірянов егін шаруашылығын дамытқысы келетін серіктестіктерге "жасанды кедергі" келтіріліп жатқанын айтып шамданды.

"Сорбұлақтағы" су көлемі  шектеулі болғандықтан, Жамбыл ауданында 8 мың гектар, Іле ауданында 5 мың  гектар суармалы алқап игерілмей тұр. Екіншіден, қырық жыл бұрын салынған арық жүйесі әбден тозып бітті. Жүздеген шақырым арықты қалыпқа келтіруге Үкіметтен қолдау керек. Соны толық көлемде пайдалану үшін 18,9 миллиард теңгеге жобалау жұмыстарын жүргізіп қойдық. Қолымызда мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар. Соған биыл облыстың, республикалық бюджет қолдауымен 1 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Бірақ осы жерде "Алматы Судың", "Үлкен Алматы каналы" мекемелерінің араласуы қажет. Себебі ішкі жүйелерді жөндегеннен бізде пайда болмайды. Оған апарар үлкен каналдарды жөндеу қажеттігі тұр", - деді Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас.

Жасанды көлге қосымша су бұру үшін нормативтік-құқықтық рұқсат құжат керек екен. Ол енді ғана рәсімделмек.

"Сарқынды суды пайдаланудың ортақ талабы бекітілер болса, жыл сайын суармалы алқап көлемі де 200 гектарға ұлғаятыны анық", - дейді мамандар.

"Рұқсат құжатты Экология министрлігі әзірлеп жатыр. Осы тамызда шығарамыз деп уәде берген. Сол рұқсат берілсе, Сорбұлаққа керегінше суды бұруға дайынбыз", - дейді Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Медет Керімжанов.

 

Алайда Эколгия министрлігі әзірлеп жатқан құжат нақты қашан іске асары әзірге белгісіз. Диқандардың арыз-шағымы министрліктегі шенділердің құлағына жеткенімен, құмға сіңген судай жоқ болып кетіп жатыр екен. Қазір 1988 жылы салынған "Сорбұлақ" сусорғы станциясының иелігінде 45 шақырым су құбыры бар. Шаруалар алқапты суару үшін тіршілік нәрін осы станциядан әр текше метрін 13 теңгеден сатып алады. Бұрынғыдай көл-көсір су жоқ. Шаруалар суды үнемдеп, тамшылатып суғару әдісіне көшкен. Соның арқасында биыл жүгері жақсы өнім береді деген үміт бар.

Саламат Сабыр

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!