- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Соңы өлімге әкеп...
Соңы өлімге әкеп соғуы мүмкін қоспалар сататын 201 сайт анықталды
Жамбыл облысы Полиция департаменті ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын қадағалауға шақырды, сонымен қатар, балалар есірткі курьерлері ретінде жалдануы мүмкін екенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жыл басынан бері жамбылдық полицейлер соңы өлімге апаратын қоспалар сататын 201 сайтты анықтады. Дилерлер интернеттің көмегімен, жасырын есірткі қойып кетушілер арқылы есірткі тасымалдайды. Олар тауарларды алып, белгіленген орынға қалдырады. Дилерлер жұмысшы ретінде тез әрі оңай ақша тапқысы келетін жастарды таңдайды. Мұндай жұмысты жасауға тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалармен қатар, әртүрлі отбасының балалары келіседі. Мұның барлығының аяғы ұзақ мерзімді түрмемен аяқталады.
5 айда облыста 12 есірткі қойып кетуші ұсталды, 1 келі 625 грамм синтетика тәркіленді. Бұл - шамамен 4500 бір реттік доза.
"Жазғы демалыс кезінде оқушылар, студенттер мен қалаға қонаққа келген туыстар оңай жұмыс тауып, қосымша ақша тапқысы келеді. Ата-аналарды балалардың күмәнді немесе күрт өзгерген мінез-құлқына уақытында назар аударуға шақырамыз", - деді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев тұрғындарға.
Ол белгілердің бірі - баланың кеш уақытта жүруі. Әдетте синтетика қоюшылар күніне қаланың әр түкпірінде 15-20 жасырын орын қалдырады. Есірткі қалдыратын орындар - тұрғын үйлердің кіреберістері, орындықтар, электр қалқандары, ойын алаңдары мен гүлзарлар. Бұл орындардағы суреттер "жұмыс берушіге" жіберу үшін есірткі қоюшылардың телефонында болу керек. Мұны жүзеге асыруға арналған құрылғылар - бекіткіші бар пакеттер мен скотч. Сондай-ақ, оларда магнит болады, оны тұтынушы өнімді кез келген металл құрылымынан шешіп алу үшін қолданады.
Баламен биткоин тақырыбында да сөйлесу керек. Көбіне есірткі қойып кетушілер төлемді криптовалютамен алады. Егер бала ақша қайдан келгенін айтқысы келмесе немесе түсіндіре алмайтын болса, бұған назар аудару қажет.
"Есірткі қоюшылардың қорқынышы білініп тұрады. Олар өзін тым асығыс немесе керісінше тым баяу ұстайды. Сондықтан ата-аналардан балаларының мінез-құлқындағы өзгерісті мұқият бақылауды сұраймыз", - деп қорытындылады Бажықбаев.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова