Әлеуметтік желіде бес балалы анаға пранк жасағандардың видеосы тарады. Жігіттер әйел үйі бола тұра, өздерін алдап жүргенін айтады, кейінірек үйдің кілтін беріп қуантады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видеодан екі жігіт көпбалалы анаға пранк жасағаны көрінеді.
"Үйіңіз бар ғой. Халықты алдамаңыз олай. Тәте, сіздің үйіңіз бар ма не? Үйіңіз бар. Мойындаңыз. Сонда, тәте, бізді алдап жүрсіз бе? Шындықты айтшы, үйі бар ғой, айтшы", - дейді жігіттер.
Әйел үйі жоғын айтып, балаларымен ант етеді.
"Жоқ, үйім жоқ. Міне, балаларыммен ант етейін. Шын айтамын, менде үй жоқ. Алла көріп тұр ғой", - дейді әйел.
Кейін жігіттердің біреуі үйдің кілтін береді.
"Тәте, сіздің үйіңіз бар. Міне, сіздің үйіңіз... Қазақ елі 24 сағатта рекорд. Құрметті Қазақ елі, баршаңызға Алла разы болсын! Сіз болып, біз болып, үлкен сауапты іске бірге қол жеткіздік. Құрметті Қазақ елі, бөтелке теріп, күнін көріп, осы бес баланы бағып жүрген батыр анамыз бүгін үйлі болды", - дейді видеодағы жігіт.
Видеоға түрлі пікір жазылған. Кейбіреулер бұл орынсыз пранк болғанын айтса, енді біреулер жігіттерге риза екенін жазған.
"Өзі жүрегі жаралы кісіге неге олай айтады екен? Құдай аясын, аяп кеттім ғой апаны, жылап балдарыммен ант етейін деп айтып жатса да, үлкен жігіттер ғой қоймай жатқан несі? "Сіздің үйіңіз бар екен ғой" деп, тағдыр жылатқан кісіні одан әрі жылатпайықшы. ...Осылай ат салысып баспана алып беріп жатқан жігіттер сіздерге де рақмет, бірақ екінші олай жасамаңыздар, қайта қуантып бергендеріңіз абзалырақ болады", "Кішкене қатты болып кетті! Жігіттер жарайсыңдар, бірақ келесіде бұлай ойнамаңыздаршы! Жүрегі жарылып кетер!", "Ештеңе етпейді, әзілдеп жатқан ғой, ол да бір есте қалатын сәт", "Қалжыңның орны бар емес пе? Сонша зәресін алды. Байғұс әйел бала-шағасымен ант ішіп кетті", "Басы қатты болса, аяғы тәтті болады" деген осы ма?" - дейді пікір жазғандар.
Видеода "Елге көмек бер" қайырымдылық қорының жігіттері - Бағдаулет Құдайқұл мен Еsaga атты блогер. Олар қайырымдылықтан бөлек, қызық видео, вайндар түсірумен айналысады. Бірінде 500 мыңға жуық, екіншісінде 150 мыңнан аса оқырман бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!