"Соңғысын 1947 жылы жергілікті аңшы атып алған". Балқашқа Амур жолбарысы қашан әкелінеді?

"Соңғысын 1947 жылы жергілікті аңшы атып алған". Балқашқа Амур жолбарысы қашан әкелінеді?
Фото: Көрнекі сурет: Алматы зоопаркі

Балқаш атырабында Тұран жолбарысын жерсіндіру жұмысы жалғасып жатыр. Бұл жобаны жабайы табиғаттың бүкіләлемдік қоры мен Қазақстан үкіметі бес жыл бұрын қолға алған. Сол жылы Балқаш ауданында "Іле-Балқаш" табиғи резерваты құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Балқашқа жолбарыс Ресейдің Амур аймағынан әкелінбек. Ғалымдардың зерттеуінше, Амур шерісінің тұрпаты мен генетикасы көзі жойылып кеткен Балқаш жолбарысына өте жақын. Жобаға сәйкес алғашқы жолбарыс жұбы екі жылдан кейін Балқаш резерватына жеткізіледі.

Тарихи құжаттарда Балқаштың соңғы жолбарысын 1947 жылы жергілікті аңшы атып алған деген дерек бар. Содан бері бұл аумақтан жолбарысты ешкім көрген жоқ. 80 жыл бұрын жоғалған Тұран жолбарысын түгендеуге білек сыбана кіріскенімізге де біршама жыл болды. Жолбарыс жобасын жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Қазақстан Үкіметі келісімге келді, жоба аясында алдағы 30 жылда 30 миллион еуро жұмсалмақ.

"Тұран жолбарысын жерсіндіру жобасы негізі үш кезеңнен тұрады. Бұл - түз тағысы мекендейтін аймақты әзірлеу, жолбарысты жіберу және оны бақылау. Қазір бірінші кезеңнің орта шеніне жетіп қалдық. Яғни, резерваттың экожүйесін қалпына келтіру, нысанды қорғау, инспекторларға байланыс орнату секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соған қарағанда, алғашқы тұран жолбарыстарын 2025 жылы көріп қаламыз ба деген болжам бар. Мамандар алдағы 50-100 жылда Қазақстанды 120 жолбарыс мекендейді деген дерек айтады", - дейді Дүниежүзілік жабайы табиғит қорының еліміздегі баспасөз хатшысы Ілияс Сейітов.

Жолбарыс популяциясы үшін ауқымды жер керек. Мамандар бұл ретте Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасы қолайлы болады деген тоқтамға келген. 2018 жылдан бері "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты Тұран жолбарысын қарсы алуға дайындалып жатыр. Түз тағысын жерсіндіру үшін 500 мың гектарға жуық жер бөлінген. Бұл ерекше қорғалатын экологиялық аймақ. Бөгде адамдардың келуіне, мал жайып, аңшылық жасауға мүлдем тыйым салынған екен.  

"Біздің аумаққа сырттан келіп аңшылық жасау болмайды. Кез келген көлікті тексереміз, біздің рұқсатымызсыз бөгде көлік кіріп кететін болса, инспекторлар түсіндіру іс шарасын жүргізеді. Егер оған көнбесе, заң аясында әрекет етіп, иесіне әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл - айппұл деген сөз", - дейді Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резераптының бас директоры Қанат Қожабеков.

Жолбарыс жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Сол себепті резерватқа тұяқты жануарлар топ-тобымен жіберіледі. Тарғыл шерінің негізгі қорегі - қабан мен кермарал. Осы күнге дейін Іле өзенінің сағасында үш мыңнан аса жабайы шошқаның мекендейтіні анықталған. Алайда ол жеткіліксіз. Алып денелі, алапат күшті жыртқыштың еттен тарықпауы үшін қабанның саны 30-50 мыңға жетуі тиіс екен. 

Балқашқа жолбарысты жерсіндіруге байланысты түрлі пікір бар. Ең бастысы - адамдардың қауіпсіздік мәселесі. Келешекте жолбарыс келгенде, бір жыл бойы теміртор қоршауда болады. Кейін барлығына спутник қарғыбау тағылып, жүрісі қатаң қадағаланады. Арнайы үйретілген мобильді топ тәулік бойы шерінің тіршілігін бақылайды екен.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz