- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Соңғы сапарын сезді“...
“Соңғы сапарын сезді“ - Мәдина Ералиеваның сіңлісі
Мадина Ералиеваның соңғы сәті туралы сіңлісі Сағира Ералиева "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, марқұм әнші өмірінің соңғы сәтінде дінге бет бұрып, Құран кітапшалар сыйлаған.
"Өмірінің соңғы айларында көп ескертулер жасап жүрді. Әшейінде үйге келгенде шай ішпейтін. Соңғы келген кезінде Оралмен отырып, ұзақ шай ішті. Менімен сөйлесу пайдасыз екенін біледі де, туған-туыстарымызды айтып, біраз сырласты. Үйге жиі келіп жүрді. Бір күні анамыздың суретін іздеп, "Сағира, сенде ме?" деді. Меніңше, журналистерге беріп, өзі ұмытып кеткен болуы керек. "Жоқ, менде емес" дедім. Тесіліп қарады да, "Сағира, қайтыс болған адамдардың суретін әр жерге тастауға болмайды" деп ескерту жасады. "Кейін менің суретімді кез келген жерге тастама" дегенді айтқысы келгендей көрінді. Маған Құран кітапшалар алып бере бастады. "Мешітке бардым" десем, қуанып кетеді. Сол Құран кітапшалардан Фатиха мен Ықылас сүресін екі күнде жаттап алдым. Қазір әр жұма сайын оқып отырамыз.
Жалпы біз Мәдинаны гастрольдік сапарға кететін кезде отбасымызбен сол үйде жүретінбіз. Келгенше сол үйде жүреміз. Отбасым, балаларым болғаннан соң мені мазаламайын деп қызметші ұстады. Сол жолы кетіп бара жатқан кезде маған сондай ойлы көзбен қарап, "Сағира, үйде өзің болшы" деді. Бірақ мен өз үйімде болдым. Негізі маған ескерткен. Соңғы сапары екенін сезген ғой деп ойлаймын", - деді әншінің сіңлісі.
Сондай-ақ марқұмның сіңлісі әнші қайтыс болған күні аян дауыс естігенін де айтты.
"Түсіме жаңа әндерімен жиі кіреді. Мәдина қайтқан кезде сүйегі үйде болғанда туған-туысқандар жинала бастады. Туысқандарға "Арсенге ақылдарыңызды айта беріңіздерші" дедім. Арсен жас болғасын қорықтым. Туысқандар дастарқанның үстінде ақылдарын айта бастаған кезде Мәдинаның сүйегін көрші бөлмеге қойған едік. Ұйықтап кетіппін, аян дауыстан ояндым. "Баламның миын ашыттыңдар ғой" деп қатты айқайлады. Өзі негізі Арсеннің бетіне қарап сөйлегенді ұнатпайтын. Содан бері Арсеннің бетіне қарап сөйлемейміз", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы