Бұдан бір ай бұрын Медеуде 18 жастағы студент өлі табылған еді. Баланың анасы жантүршігер жайттарды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Информбюро 31-ге сілтеме жасап.
Қайғыдан қан жұтқан Зада Лаубаева жалғыз ұлынан айырылып қалғанына әлі де сене алар емес. Онығ айтуынша, Бақанас ауылынан ұстаз болуды армандап, қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне түскен Сержан Жәкежанның арманы таудай болған. 22 ақпанда сабақтан шыққан Сержанның соңғы видеосы білім ордасының бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Осыдан кейін оның қайда барғанынан ешкім көрмеген. Ал келесі күні Медеуден белгісіз адамның мәйіті табылып, кейіннен оның Сержан екені анықталды.
"Балам Медеудің плотина деген жерінен табылды. Өзім көше сыпырушылардан сұрағанда "Балаңыз өзі құламаған. Көп қан жоғалтып, содан кеткен" деді. Оған қоса, өзі жүрейін жеп талпынған. Екі қолмен тырмалап жүрген. Қасында таяқ болған, таяқпен біреуден көмек сұрайын деген", - дейді Марқұм Сержан Жәкежанның анасы.
Ана жүрегі елжіреген Зада Лаубаева арман қуып Алматыға келген ұлыма әлдебіреулер қысым көрсетті дейді. Оның айтуынша, томаға тұйық баланың мұндай әрекетке өз еркімен баруы мүмкін емес. Себебі бұған дейін ұлы ұялы телефонын жоғалтқанын айтқан, ал қайтыс болар алдында қалтасында пышақ жүрген.
"Балам телефонын жоғалтқан. Оны бізге қорқып айтпаған ғой. Үйдегі келіндер телефоны қайда екен деп тексерсе, тура университетті көрсетіп тұр ғой. Демек балалар тартып алған. Осы өлетін күннің он күн бұрын балама қысым көрсетілген. Үйден кішкентай пышақ алып кетті. Тергеуде қалтасынан пышақ табылғаны айтылды. Пышақты біреуден қорыққаннан кейін өзін қорғау үшін салып алған", - дейді баланың анасы.
Ал жоғарғы оқу ордасының қызметкерлері қайтыс болған студенттің сабақ үлгерімі жақсы еді дейді. Сержан қайтыс болар күні сабаққа қатысқан.
"Баланың өзі сәл тұйықтау дейді, бірақ бірінші семестрді өте жақсы жапқан. 22-сі күні бала түсте сағат 12 мен 13 арасында Абайтану сабағына қатысты. Одан кейін шығып кетті. Ал одан ары қарайғы жағдай университет қабырғасында болған жоқ. Өзіміз де тергеу амалдарының шешімін күтіп отырмыз", - Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау.
Жұмбақ жағдайда қайтыс болған Сержан Жәкежанның өліміне қатысты қазір полиция тергеуді бастаған. Ұлының өліміне нақты қандай жағдайдың әсер еткенін білу мақсатында Зада Лаубаева қазір Медеу маңайына жиі барып, қандайда бір ақпарат алуға тырысып жүр. Өйткені Сержанның өмірге деген құштарлығын білетін ана ұлының өз еркімен мұндай қадамға бармайтынына сенімді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!