"Соңғы кезде жүре алмай қалды". Балғынбек Имаш анасының денсаулығы нашарлағанын жеткізді

"Соңғы кезде жүре алмай қалды". Балғынбек Имаш анасының денсаулығы нашарлағанын жеткізді
Фото: instagram.com/balgynbek_imash/

Танымал айтыскер, ақын Балғынбек Имаш анасының денсаулығы сыр бергенін айтты. Ол бұл туралы Желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақынның сөзінше, соңғы кездері анасы жүре алмай, қан қысымы көтеріліп, жағдайы қиындаған. 

"Анашымды Алматыға алып келдім.
Соңғы кезде жүре алмай, қан қысымы көтеріліп, жағдайы қиындап кетті.
Көз алдыңда "Жәннәтіңнің қақпасы" қартайып бара жатқаны жүрекке жүк.
Алматыда жақсы емхана бар екен. 78 дегі кемпірді 18-дегі қыздай қылады деп едім, әншейінде дәрігерге барғысы келмейтін анашым, балаша қуанып барам деді. Өйткені Данияр деген тұңғыш немересі Алла қаласа келін түсіреді. Соған дейін арбаға таңылмай өз аяғымен барғысы келеді ғой. Жаным, Анашым, өмір бойы 7-еумізді жеткізем деп бейнет көріп еді, біз 7-еуміз жабылып жағдайын жасай алмай келеміз. Қолымнан келгені, әр кезде анашыма өлең арнаймын. Жылап қалады.
Бүгін де 3-4 шумақ өлең жазып едім, әнге сұранып тұрғандай болды.
Әнші-композиторларға құлаққағыс. Егер ән жазам, не жаздырам десеңіздер, мархабат! Жекеме шығыңыздар, әркімге емес, біреуіңізге еншілеп беруге дайынмын.
Аналарымыз аман болғай! Раббысына қайтқан аналарыңызды Алла өз Рахымына алсын!" - деп жазды ол.

Айтыскер тіпті анасына арнап өлең шумақтарын қалдырған. 

"І-шумақ:
Анашым-ау, қылығы сәби сынды,
Ақ сүтіңнен адалдық дари сіңді.
Жұмақ маған нұр жүзің, омырауың,
Сағынамын сондықтан әлі исіңді.

Қайырмасы:
Қартайғанда болдыңыз қайта бала,
Жүзіңізден еркелік байқала ма?
Жатырыңда дәл сенің жаралғанға,
Шүкір етіп, мың алғыс айтам, Ана!

Қартайғанда болдың-ау қайта бала,
Көктемгі бақ қыста да жайқала ма?
Пейіш баққа дәл Сізді қақпа қылған,
Жаратқанға мың шүкір айтам, Ана!

ІІ-шумақ:
Анашым-ау, мінезі нәрестедей,
Кеудеңізде тірліктің шамы өшпегей.
Сізге қылған ешқандай еңбегім жоқ,
Бізге төккен мейрімің бәрі есте ғой.

ІІІ-шумақ:
Анашым-ау, қимылы балдырғандай,
Бала қылған кәріні тағдыр қандай?
Он құшақтап, күніне мың сүйсем де,
Жұпарыңа қаламын сәл бір қанбай…", - деп жазған ол.

Желі қолданушылары қарт анаға жылы лебіздерін білдіріп, тез жазылып кетуіне тілекші екендерін жазған. 

"Анамызға Алла тағала күш-қуат берсін! Данчоның тойында төрде отырсын. Ауырмай арамызда аман жүрсін!", "Анаңыз аман болсын, ағасы. Қандай жетістікке жетіп, кандай да жақсы өмір сүріп жүргеніңіз әуелі Алла, содан кейін осы анашыңыздың арқасы. Анаңыз 100 жасап, көз қуанышыңыз болып жүре бергей. Алла деніне саулық бергей!", "Алла шипасын берсін. Аяулы, алтын тәжді анаңыз ғұмырлы болсын. Қуанышы, көрер қызығы көп болсын", - деп пікір қалдырған олар.

Айта кетейік, бұған дейін "Кім не айтпай жатыр?" Балғынбек Имаш өзін алаяқ дегендерге жауап бергені хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Жер сілкінісі кезінде көлікте отыруға бола ма?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә