"Сонда біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?" Алматының айналасындағы ауыл тұрғындары қалаға жаяу қатынап жүр

"Сонда біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?" Алматының айналасындағы ауыл тұрғындары қалаға жаяу қатынап жүр

Алматы қаласының шетінде орналасқан Абай ауылының қалаға қатынайтын қоғамдық көлігі жоқ. Алматы облысына қарасты Абай ауылының тұрғындары қалаға жаяу қатынап жүр. Өйткені қоғамдық көліктер ауылдың жолы нашар деп ауыл ішіне кіруден бас тартқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абай ауылындағы Әзербаев көшесінің 1 айда тас-талқаны шыққан. Себебі, таудан аққан суды бір арнаға келтірмеген әкімдіктің шалағай тірлігі трассаның ойқы-шойқы болуына әкеліп соқтырыпты. Жеңіл көліктерді былай қойғанда, ауыр техникалардың өзі аяңдап жүруге мәжбүр. 

"Мен мына көрші ауылда тұрамын. Осы жолмен қалаға қатынаймыз. Мына жол жылда осылай шоқалақ болып жатады. Әкімдіктегі жолды жасайтындарға айтсақ, олар таудан аққан су тоқтамай жолды жөндемейтінін жеткізді. Енді ол мәселеге кімнің жауап беретінін біз білмейміз", - дейді Марат есімді ауыл тұрғыны. 

Осыған дейін таудан аққан бұлақтардың барлығының жолы кесіліп, орнына үй салынып тастаған. Енді арнасынан ауытқыған суды әркім өз үйінен аластаған соң қараусыз су көшеге жайылып, асфальттың быт шытын шығарған. Яғни арығы жоқ ауылда бұлақ суы көшеде көлкіп жатыр. Ауыл тұрғындары жаз айларында тіршілік нәрінің тапшы болатынын айтты. Осы суды бір арнаға келтіріп, құрығанда бау-бақша суаруға икемдеп берсе деген талабы да жоқ емес. 

Ал әкімдіктегілер аталған көшенің Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қарамағында екенін айтып, әкімдік аталған басқармаға хат жолдағанын жеткізді. 

"Жалпы ұзындығы 2,0 шақырым жол Абай ауылына кіреберіс "Алматы-Бішкек" республикалық автомобиль жолынан Әзірбаев көшесіндегі Алтын орда көшесіне дейінгі аралық 2001 жылғы 17 шілдедегі № 245 "Автомобиль жолдары туралы" Заңның 3-бабына сәйкес "Абай ауылына кіреберіс"облыстық маңызы бар жол болып табылады. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жобалауды, салуды, реконструкциялауды, ағымдағы, орташа, күрделі жөндеуді, сондай-ақ күтіп-ұстауды, пайдалануды, оның ішінде жол жүрісі қауіпсіздігін ұйымдастыру Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қарамағында. Аудан басшылығы жоғарыда аталған басқармаға тиісті хат жолдады", - деп жауап берді Абай ауылының әкімдік өкілдері.

Жарамсыз жолдың кесірінен "Абай" ауылына қатынайтын №11 автобуста бағытын өзгерткен. Біз бұл мәселе жайлы да толық тарқатып жаздық. Себебі Әзербаев көшесіндегі тас-талқаны шыққан тас жол көлік кептелісінің туындауына да себеп болған. 

Бұдан бөлек Абай ауылында Молдағұлова, Жастар, Жаңа тұрмыс көшелерінде асфальт атымен жоқ. Тұрғындар "қар еріген, жаңбыр жауған уақытта үйімізге жете алмаймыз" деп назалы. Ал амалы таусылған "Алатау" көшесінің тұрығындары өз қалталарынан ақша жинап тас төсетіпті. 

"Әкімдіктен қайыр болмаған соң, көршілер болып бірігіп ақша жинап тас төсеттік. Бұрын егін алаңы болғандықтан саз-балшықтан көлігіміз мүлде жүре алмады. Қалаға тиіп тұрып мынандай тауқымет тартып отырмыз. Сонда біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?" - дейді Бақытгүл Токурова. 

Әкімдіктің мәліметінше Абай ауылында 42 көше бар, жолдардың жалпы ұзындығы - 26,9  шақырымды құрайды. Оның ішінде 22 көшеге асфальтпен жабдықталса, 8,4 - шақырымды қамтитын 20 көшеге қиыршық тас төселіпті.

 

"Ағымдағы жылы Абай ауылында Школьная көшесі бойынша "ДРСУ-8" ЖШС мердігерлік ұйымы маршруттық тәсілмен жөндеу жүргізілді. Жалпы ұзындығы 660 метр болатын Абай ауылының орта мектебіне дейін 30,828 миллион теңге сомасына асфальтбетон төселді. Сондай - ақ, Абай ауылының ұзындығы 1 км Қарасай батыр көшесіне орташа жөндеу жүргізу үшін шарт жасалды", - дейді жауаптылар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!