Петропавлда 21 жастағы ер адам мұздай суға түсіп қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2 сәуірде әлеуметтік желілерде Солнечный шағынауданында ер адам үсіп кетіп көз жұмғаны туралы ақпарат пайда болды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес ол ұрлық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген. Мәліметте ол өзендегі мұздай суға түсіп, біраз уақыт бойы полициядан жасырынғаны айтылады.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ер адам қаза тапқанын растады, бірақ оқиғаның толық мән-жайын ашып айтпады.
"2 сәуірге қараған түні жедел жәрдем көлігінде Петропавлдың 21 жастағы тұрғыны қайтыс болды. Ол Солнечный ауылының бұрылысына жақын маңда табылған. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр", – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Tengrinews.kz-ке Солтүстік Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының директоры Юрий Белоног берген мәлімет бойынша ер адам дәрігерлер келгенге дейін көз жұмған.
"Ең ауыр деңгейдегі кома тіркелді. Жансақтау шаралары нәтиже бермеді, биологиялық өлім анықталды. Жансақтау шаралары оқиға орнында жүргізілді", – деді Юрий Белоног.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова