- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Солтүстікті қазақыландыру жұмысы...
Солтүстікті қазақыландыру жұмысы қалай жүріп жатыр?
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде қазақыландыру жұмысы қалай жүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналист облыс әкіміне сұрақ қойды.
"Солтүстік Қазақстан облысында қазақ ұлтының үлесі 35 пайыздың көлемінде. Өңірді қазақыландыру бойынша нақты қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?", - деді БАҚ өкілі.
Ғауез Нұрмұхамбетовтің пікірінше, бұл - өңірдегі өзекті мәселенің бірі.
"Мені бұл жағдай алаңдатады. Алайда жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар пайдалануға беріліп жатыр. Курстар ашылуда. Оған әлеуметтік нысандарды да қосыңыз. Жұмыс біртіндеп жүргізіліп жатыр", - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар ол жыл сайын солтүстікке жаңа қоныстанушылар көшіп келетінін атап өтті.
"Солтүстік Қазақстанда 6 аудан, 138 ауыл бар. Біріншіден, жыл сайын жолдар салынып, әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Екіншіден, оңтүстіктен арнайы квотамен адамдар солтүстікке көшіп келіп жатыр. Биыл шамамен 2560 адам келді. Оның ішінде 235 қандасымыз бар. Жыл сайын оңтүстіктен келген адамдардың 85-89 пайызы ауылдарда қоныстанады. Олар сонда қалып жатыр. Бұл да жақсы көрсеткіш деп ойлаймыз", - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz