Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы кезінде 1 млрд жымқырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Прокуратура органдары азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына талдау жүргізді. Жалған құжаттарды пайдалана отырып азаматтарды жалған қоныс аудару жолымен 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру және оны теріс пайдалану фактілері анықталды.
Қоныс аударушылар болып жалған адамдар есепке алынған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған, тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға рәсімделген. Кейбір жағдайларда азаматтар өздерінің құжат бойынша қоныс аударылғанын білмеген.
Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында анықталды. Мысалы, Павлодар облысының Успен ауданында "Еңбек мобилділігі орталығы" КММ-нің қызметкері арзан үйлерді тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатуды ұсынып, мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өзіне қалдырып отырған.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, орталықтың қызметкері үй қамаққа алынды. ШҚО-да қоныс аударушылар мен сатушылар арасында сөз байласу жағдайлары анықталды, олар мемлекеттік көмекті алу үшін жалған шарттар жасап, одан кейін бұл қаражатты бөліскен.
Одан әрі азаматтар бұрынғы мекенжайларында тұра берген. Солтүстік Қазақстан облысының Мәмлүт ауданында қоныс аударушы үйдің нақты бағасы мен мемлекеттен төленген қаражаттың арасындағы айырмашылықты иемденіп алған.
Күдікті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын айырылды. Жалпы прокурорлар 20 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу барысында қатысы бар барлық адамдарды анықтау, оларды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу шаралары қабылданып жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!