Солтүстік Корея Шығыс/Жапон теңізі бағытына қарай бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі NBC News басылымына сілтеме жасап.
Оңтүстік Кореяның Штаб бастықтарының біріккен комитетінің мәліметінше, зымырандар таңертең КХДР-дың шығыс жағалауындағы Синпо ауданынан ұшырылған. Сеул бақылауды күшейтіп, АҚШ және Жапониямен тығыз ақпарат алмасып жатқанын мәлімдеді.
Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігі Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жағдайды талқылау үшін шұғыл отырыс өткізетінін хабарлады.
Жапония Қорғаныс министрлігі де зымырандардың ұшырылғанын растады. Ведомство мәліметінше, зымырандар Солтүстік Кореяның шығыс жағалауындағы акваторияға құлаған болуы мүмкін.
Токио Пхеньянға қатаң наразылық білдіріп, мұндай әрекеттер өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретінін, сондай-ақ, КХДР-ға баллистикалық зымырандарды кез келген сынақтан өткізуге тыйым салатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюцияларын бұзатынын мәлімдеді.
Бұған дейін Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның әскери кемеден зымырандарды сынауды жеке өзі басқарғанын хабарлаған болатын. Сынақ қорытындысы бойынша ол елдің ядролық әлеуетін "шексіз арттыру" бағытын жалғастыратынын айтып, ядролық соққы беру және жедел әрекет ету мүмкіндіктерін күшейтуді тапсырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!