Солтүстік Корея өз көшбасшысы әрекетке қабілетсіз болған жағдайда ядролық қару қолдану мүмкіндігін конституциямен бекітті. Бұл туралы Оңтүстік Корея парламентіне Ұлттық барлау қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Korea JoongAng Daily басылымына сілтеме жасап.
Оңтүстік Корея барлауы парламенттің барлау комитетіне арналған брифингте КХДР наурызда конституцияға енгізген түзетулерде алғаш рет ядролық қаруды қолдану шарттары мен өкілеттіктері нақты жазылғанын айтты. Оның ішінде Ким Чен Ынға қарсы "басшылықтың көзін жоюға бағытталған соққы" немесе соған ұқсас операция жасалған жағдай да қамтылған.
КХДР Конституциясының 89-бабында "республиканың ядролық күшіне басшылық ету Мемлекеттік кеңес төрағасына тиесілі" екені жазылған. Бұл - Ким Чен Ын. Сондай-ақ, "Мемлекеттік кеңес төрағасы ядролық күштерді қолдану өкілеттігін ядролық күштерді басқарушы мемлекеттік ұйымға бере алады" деп көрсетілген.
"Төрағаға ядролық қаруды іске қосу құқығын ядролық қолбасшылық ұйымына беруге мүмкіндік беретін бұл ереже жоғарғы көшбасшы әрекетке қабілетсіз болған жағдайда да ядролық жауап қайтару тәртібін заң жүзінде бекіту ретінде қарастырылады", - делінген жарияланымда.
Сондай-ақ, "егер мемлекеттік ядролық күштерді басқару жүйесіне дұшпан күштердің шабуылы салдарынан қауіп төнсе, ядролық соққы автомат түрде және дереу жасалуға тиіс" екені атап өтілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz