Солтүстік Қазақстанда ер адам өз анасын пышақтап өлтірді, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, қанды оқиға Қызылжар ауданының Архангельское ауылында болған. 56 жастағы азамат сексеннен асқан анасына бірнеше рет пышақ сұққан. Артынша өз өзіне қол салмақ болыпты. Екеуі де ауруханаға жеткізілген.
Ауыр жарақат салдарынан кейуана көз жұмды. Ал баласы уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
"Осы қылмысты жасады деген күдікпен марқұмның ұлы болып келетін Қызылжар ауданының 1966 жылғы тұрғыны ұсталды. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерілудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті қамауға алынды", - дейді СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің инспекторы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!