Қызылжар ауданы Бескөл ауылында жолды қар басқандықтан, жедел жәрдем дәрігерлері науқасқа жаяу барып, оны көлікке шанамен жеткізген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Голос народаға сілтеме жасап.
Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, 56 жастағы ер адамға шақырту сағат 07.20-да түскен. Оның сол жақ аяқ-қолдары ұйып, басы айналған.
Бір күн бұрын жауған қардың салдарынан жедел жәрдем көлігі науқастың мекен жайына жете алмады. Сондықтан дәрігерлер қарлы жолмен шамамен 400 метр жаяу жүруге мәжбүр болды.
"Тексеруден кейін науқаста инсульт белгілері анықталды, көмек көрсетілді, бірақ үйден жедел жәрдем көлігіне жету қардың кесірінен қиындады. Фельдшер Омаров Айдар мен Широжеев Әмір абдырамай, науқасты көлікке шанамен жеткізуге шешім қабылдаған. Жүргізуші Руслан Ақомбаевтың көмегімен науқас уақтылы стационарға жатқызылды", - деп хабарлады облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстан азаматтығы кімдерге берілмейді?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!