- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Солтүстік Қазақстан облысындағы...
Солтүстік Қазақстан облысындағы мектепте жасөспірімді пышақтап кетті
Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мектебінде жасөспірім сыныптасын пышақпен жаралады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Тимирязев ауданында 5-9 сыныпқа дейінгі балалар оқитын Ақжан мектебінде болды.
"Оң жақ иығынан пышақ жарақатын алған 2009 жылы туған бала аудандық аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды. Оған ота жасалып, жарасын тігіп берді", – деді Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлау Tengrinews.kz тілшісіне.
Ол кәмелетке толмаған науқастың жағдайы тұрақты және барлық қажетті ем-дом қабылданып жатқанын айтты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі кәмелетке толмаған күдіктінің кім екені анықталғанын хабарлады.
"Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, ол ата-анасының кепіл болуымен босатылды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қылмысты жасаған жасөспірімнің жасын ескере отырып, полиция қызметкерлері тәрбие бойынша міндеттерін орындамағаны үшін оның ата-анасын жауапкершілікке тарту мәселесімен айналысып жатыр.
"Жасөспірім профилактикалық есепке алынады. Сондай-ақ аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға да тиісті ұсыныс енгізілді", – деп қорытындылады полиция.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан